Таңқурай егуге мемлекеттен бөлінген 900 миллион теңгеден аса субсидияны ұрлау ісі бойынша сот үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жамбыл облыстық сотына сілтеме жасап.
Соттың Facebook желісіндегі ресми парақшасында Тараздың №2 сотында Қылмыстық кодекстің 190, 216, 218 баптары бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралғаны жазылған.
"Сотталушылар субсидиялау ережелерін бұза отырып, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы, таңқурай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеу арқылы) мемлекеттік субсидиялар алып, қаражатты алаяқтық жолымен жымқырып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған, осылайша мемлекетке 902 825 000 теңге көлемінде залал келтірген", - делінген онда.
Сотталушыларды бірі залалды 40 000 000 тенге сомасында өтеді. Кінә куәлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша2 сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыру; тағы екі сотталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындауды сұрады. Бір сотталушы кінәсін мойындады, ал қалғандары мойындамай, өздерін ақтауды сұрады.
Сотталушылардың бірі қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды. Қалғандары 10, 8 және 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз