• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Таразда 800-ге жуық оқушыға арналған мектеп құрылысы басталмай жатып тоқтаған

Таразда 800-ге жуық оқушыға арналған мектеп құрылысы басталмай жатып тоқтаған
Фото: Видео кадры

Таразда 800-ге жуық оқушы әр шағын аудандағы үш мектепке сабылып оқуға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Себебі білім ордасының жанынан жапсарлас ғимарат салған мердігер құрылысты уақытында аяқтамаған. Оған қоса, жылу желісін де кесіп тастаған. Жалпы аймақта тағы сегіз жоба басталмай жатып тоқтап тұр.

Тараздағы №15 мектеп-гимназия 1962 жылы салынған. Бастапқыда оқу комбинаты ретінде жұмыс істеп, 2008 жылы білім ордасы ретінде пайдалануға берілді. Қазір 550 орынға арналған ағарту ошағында 800-ге жуық оқушы білім алады. Осыған байланысты былтыр облыс бюджетінен 2,2 млрд теңге бөлініп, қосымша ғимараттың құрылысы басталған.

Білім нысанының құрылысы былтыр аяқталып, пайдалануға берілуі қажет еді. Бірақ шілдеде мұндағы жұмыстар тоқтап қалған. Сондықтан қазір 3 қабатты құрылыстың тек 35 пайызы аяқталған. Жапсарлас ғимаратта спорт залы, асхана мен химия, биология, физика сыныптары және кітапхана болады деп жоспарланған. Құрылыс ұзаққа созылғандықтан, балалар оқу жылының басынан бері жақын жердегі 3 мектепте оқып жатыр.

"Құрылыс басталғаннан кейін жылу жүйесі толық бұзылды. Қазір мектепте ешқандай жылу жоқ. Соған байланысты оқушылар бөлінді. Өйткені суық жерде балалар отыра алмайды. Екіншіден, құрылыс басталса, балалардың қауіпсіздігі үшін ауысып отырмыз", - деді №15 мектеп-гимназиясының директоры Рахима Бөлекбаева.

Жоспар бойынша ағарту ошағы 9 ай ішінде қолданысқа берілуі қажет болған. Бірақ мердігер республика бойынша 40-тан аса нысан құрылысын бастап, біразын аяқсыз қалдырған. Сондықтан құрылыс басқармасы жосықсыз мердігер ретінде сотқа берген.

"Келісімшартқа сәйкес 700 млн теңгеге жуық аванс түрінде жіберілген болатын. Олар 35 пайызын орындады. Сотқа берген кезде міндетті түрде жосықсыз тану деп бердік. Алайда басқа өңірлердің тарапынан жосықсыз болып тізілімге кіріп қойған. Бүгінгі таңда бірінші инстанция тарапынан біз ұттық. Енді ол бойынша мердігер өз тарапынан сотқа береді", - деді құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай.

Мектеп ісі бойынша мердігер сот шешіміне келіспесе, апелляциялық шағым бере алады. Одан кейін ғана жаңа құрылыс компаниясын табу процесі жүргізіледі. Сондықтан білім нысаны биыл ашылмай қалу қаупі бар.

Айта кетейік, 2024 жылы 383 нысан мемлекеттік бюджет есебінен салынған. Оның 221-іне тексеріс жүргізген мамандар 342 олқылық анықтап, 84 млн теңге айыппұл салған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget