Таразда 16 жастағы оқушы өгей әкесінен бала тапқан

Таразда 16 жастағы оқушы босанды. Облыстық перинаталдық орталық қызметкерлері бұл оқиға туралы полицияға мәлімдеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиғаның мән-жайы

Құқық қорғау органдары тергеу жүргізген, тергеу барысында күдік қыздың өгей әкесіне түскен. Ер адам бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарған, алайда әртүрлі зертханада жүргізілген екі тәуелсіз ДНҚ сынағы оның баланың әкесі екенін растапты.

"Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыс жасады деген күдікпен қыздың 54 жастағы өгей әкесі ұсталды. Қазір бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігі бойынша (Кәмелетке толмаған адамды зорлау) соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Бірқатар қажет сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдікті қамауда отыр", - деп мәлімдеді Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі.

Бұған дейін қандай оқиға болды?

Еске салайық, бұған дейін дәрігерлер елдің батысында жүкті болып қалатын қыздар көбейгеніне алаңдап отырғаны хабарланды. Кейінгі бес жылда бір ғана Атырау облысында 800-ден аса кәмелет жасына толмаған қыз жүкті болған. Облыс бойынша 2020-2024 жылдар аралығында 794 оқушы қыз жүкті болған. 2024 жылы мұндай 127 жағдай тіркелсе, ең жоғарғы көрсеткіш 2021 жылы (194 жүктілік) анықталған. 419 жасөспірімнің 45-і жүктілігін бастапқы кезеңде тоқтатқан. Ал мамандар ерте жаста түсік жасатудың денсаулыққа аса зиян екенін айтып отыр.

2024 жылы Павлодар облысында да 12 жастағы қыз босанды. Оқушы зорланған. Кейінірек балалар омбудсмені Динара Зәкиева бұл жайтқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.

Депутаттың алаңы

Жуырда сенатор Нұртөре Жүсіп кейінгі бес жылда жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқанын мәлімдеді.

"2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану дерегі тіркеліп отыр. Бұл - сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызы. Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр. Жап-жас қыздарды қорлау да көбейді, тіпті зорлау көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбіне мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Көрсек те көрмеген болып, білсек те білмеген болып осылай отыра береміз бе?" - деді сенатор.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!