Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тараз бен Шымкенттен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2022 жылғы 30 маусымда ҰҚК Ішкі істер министрлігімен бірге Тараз және Шымкент қалаларында "А" және "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жұмылдырылуымен ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекетінің жолын кесті", - делінген хабарламада.
Тексеріс барысында қылмыстық топ мүшелерінің тауар-материалдық құндылықтарды аса ірі мөлшерде ұрлауға және кәсіпкерлерден ақша бопсалауға қатысы бар екені туралы дәлелдер жиналған.
"Арнайы операция нәтижесінде қылмыстық топтың 14 басшысы мен белсенді қатысушылары ұсталды.
Процессуалдық іс-шаралар барысында қару-жарақ арсеналы, қомақты ақша сомасы, сондай-ақ, тергеу үшін қызығушылық тудыратын құжаттар табылып, тәркіленді", - делінген ҰҚК хабарламасында.
Соталды тергеу жүргізіліп жатыр, ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.