Қазақстандық сейсмологтар жер сілкінісін тіркеді, жерасты дүмпулері Тараз бен Шымкентте 2 балл шамасында сезілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы 6 желтоқсан, сенбіге қараған түні ТЖМ баспасөз қызметі мәлімдеді.
"ҚР ТЖМ "Сейсмологиялық зерттеулер институты" ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 6 желтоқсанда Астана уақытымен 02:04-те жер сілкінісін тіркеді", — делінген хабарламада.
Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан 565 шақырым қашықта, оңтүстік-батыс бағытта, Өзбекстан аумағында болғаны нақтыланды.
Тараз бен Шымкенттегі есептік қарқындылық 2 балға жетті.
Зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет түскен жоқ.
Сонымен қатар, Өзбекстан ТЖМ мәліметінше, эпицентр Наманган облысының Пап ауданында орналасқан. Тереңдігі - 17 шақырым. Магнитудасы - 4,5. Эпицентрдегі дүмпулер күші - 5 балл.
Еске салайық, 4 желтоқсанда Қытайдың оңтүстік Синьцзян аймағында магнитудасы 6,1 болатын жер сілкінісі болды. Жер асты дүмпулері жеткілікті күшті болып, олар Алматыда, Алматы және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ,Жетісу облысында сезілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz