- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тапшылық - 1000...
"Тапшылық - 1000 адамға жуық". Бізде автобус жүргізушісі болу қиын ба?
Алматы қаласының Қалалық мобилділік басқармасы 1000-ға жуық автобус жүргізушісі жетіспейтінін айтты. Оның себебі неде? Автобус жүргізушілерінің еңбек шарты қандай? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне "АлматыЭлектроТранс" автобус паркінің баспасөз қызметі жауап берді.
Алматы қаласының Қалалық мобилділік басқармасының ақпараты бойынша, қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша қоғамдық көліктің жүргізушілерінің саны 5000-ға жуық, алайда жүргізушілердің тапшылығы шамамен 1000 адамға жуық.
Соңғы кездері Алматыда автобустардың қатысуымен болатын апаттар көбейіп кетті. Алдыңғы материалда тәуелсіз урбанистен оның себебін сұраған болатынбыз. Урбанистің айтуынша, автобус апаттарының бір себебі - автобус жүргізушілерінің жетіспеуі. Автобус жүргізушілері жетіспесе, олар көп жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал ол қатты шаршауға, соның салдарынан апаттарға әкелуі мүмкін. Ендеше, неліктен автобус жүргізушілері жетіспейді? Оны анықтау үшін "АлматыЭлектроТранс" автобус паркінен автобус жүргізушілерінің еңбек шарты жайлы білуді жөн көрдік.
Автобус жүргізушілері күніне неше сағат жұмыс істейді?
Қалада түрлі маршруттар бар, сәйкесінше олардың кестесі де әртүрлі. Жүргізушілер орташа есеппен күніне 15-16 сағат жұмыс істейді.
Автобус жүргізушілеріне қанша уақыт үзіліс беріледі?
Жүргізушілер әр айналымнан соң 10 минут демалады. Әр маршрут айналымынан соң автобус жүргізушілерінің демалысы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл жүргізушінің темекі тартуға немесе дәретханаға баруға арналған жеке уақыты. Жүргізушілерге қысқа үзілістерден бөлек 2 ұзақ демалыс (30 минуттан) беріледі. Бұл кезде жүргізулер демалып алады және тамақ ішеді.
Автобус жүргізушілерінің жұмыс кестесі қандай?
Жүргізушілер екі күн жұмыс істейді және екі күн демалады. Бұл жүргізушілердің жеке және жұмыс уақытын тиімді бөлуге мүмкіндік беретін қолайлы үйлесімді жұмыс кестесі.
Автобус жүргізушілері сағатына қанша ақша табады?
Автобус жүргізушілері маршрутқа байланысты және қандай көлік құралын басқаратынына қарай жалақы алады. Төлем деңгейі жүргізушінің дәрежесіне және маршруттың қиындығына да байланысты. Сондай-ақ әр тасымалдаушылардың өз жұмыс шарты бар. Жүргізушілер орташа есеппен шамамен 400 000 теңге табады.
Күнде таңертең автобус жүргізушілерінің денсаулығын тексере ме?
Жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін әр жүргізуші күніне екі рет тексерістен өтеді: жолға шықпас бұрын және паркке оралғаннан кейін. Тексеріске алкотестер, артериялық қысымын және жүргізушінің жалпы хал-жағдайын тексеру кіреді.
Автобус жүргізушісінің жасына байланысты қандай да бір талап бар ма?
Автобусты тек 25 жасқа толған жүргізушілер басқара алады. Бұл талап қоғамдық көлікті қауіпсіз басқаруға ықпал ететін жеткілікті жүргізу тәжірибесі мен жетілу қажеттілігімен байланысты.
Неліктен автобус жүргізушілері жетіспейді?
Автобус жүргізушілерінің жетіспеуі бірнеше фактормен түсіндіріледі. Солардың бірі - 2014 жылы күшіне енген заңнамадағы өзгеріс. ҚР "Жол қозғалысы туралы" Заңының 74-бабының 2-тармағына сәйкес қоғамдық көлік жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Ол бойынша, "D" және "Tb" санаттарындағы көлік құралдарын басқару үшін енді 25 жастан бастап және жүргізуші ретінде кемінде 5 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде "D1" кіші санаттағы көлік құралдарын басқару тәжірибесі кемінде 3 жыл болуы қажет. Бұл өзгерістер нарықта автобус жүргізушілерінің жетіспеуіне әкелді. Бұрынғы жүргізушілердің көбісі зейнетке немесе басқа салаларға кетті, ал нарық жаңа кадрлармен аса толықтырылмады.
Автобус жүргізушісінің жұмысы жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жоғары жауапкершілікке ие. Сондай-ақ жұмыс барысында жолаушылармен сөзге келіп қалу жиі орын алады. Яғни, жұмыс күйзеліспен қатар жүреді. Жүргізушілер көбіне жүк тасымалы немесе логистика сияқты басқа салалардағы еңбек шарттары тартымды және тыныш жұмыс орындарын таңдайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова