Қазақстанда тұрмысы төмен азаматтардың саны артып барады. Ұлттық статистика бюросы дерегінше, былтырғы 3-тоқсанда табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,3 пайыз болған. Алдыңғы тоқсанда 5,1 пайыз, ал 1-тоқсанда 4,6 пайыз болыпты, - деп хабарлайды qazaqstan.tv.
2022 жылдың қорытынды статистикасы алдағы наурызда жарияланады. Алайда Дүниежүзілік банктің өткен тамыздағы мәліметі ресми статистикадан әлдеқайда жоғары болып шыққан. Халықаралық институттың сауалнамасының қорытындысында елдегі халықтың 23 пайызы өзін кедей санатына қосатыны белгілі болған.
39 жастағы Астана тұрғыны Шырын Әбдіхалыққызы 3 баласын жалғыз бағып отыр. Ол құрылыста сырлаушы болып жұмыс істейді. Еңбекақысы мен балаларға төленетін алиментті қосқанда айына үйге кіретін кіріс 78 мыңға жуық екен. Бұрын Үкіметтен 8 мың теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алыпты. Оның банк пен микронесие ұйымдарына 500 мың теңгедей берешегі бар екен. Баспана мәселесі де шешілмеген. Осындай тұрмысы төмен азаматтар саны ресми статистикада 5,3 пайызға жеткені айтылады. Яғни 1 миллион 34 мың адам.
"Тапқан табысым шай-тамақтан артылар емес. Кредитім төленбей тұр. Соңғы үш ай алған жоқпын (атаулы әлеуметтік көмек - еск.). Өйткені табысыңыз көп дейді. Ондағы табысым - 60 мың теңге жалақы мен балаларымның әкесінен берілетін 17600 теңге алименті. Сол менің балаларыма көп екен", - дейді Астана тұрғыны Шырын Әбдіхалыққызы.
Бұл жағдай Түркістан және Алматы облыстарында көп байқалады екен.
"Ең көп таралған облыстарға Түркістан және Маңғыстау облысы жатады. Ал ең аз мөлшері Астанада байқалады", - дейді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басқарма басшысы Маржан Әміржанова.
Сарапшылар елдегі кедейлер саны ресми статистикадағыдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.
"Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың ішінде қарап отырсақ, салықты тапсырмай жүрген азаматтар, кәсібі жүрмей жатқан азаматтарды бірден қосуға болады. Олар - он мыңдаған азамат. 1,1 миллион халықтың 90 күннен аса несие бойынша төлемақы төлеу қабілеті төмен. Олардың барлығын автоматты түрде кедейлік санатына жатқызуға болады", - дейді экономист Мақсат Серәлі.
Атаулы әлеуметтік көмекті беру кезінде отбасының жиынтық табысы жан басына шағылады. Шыққан сома мен тұрғылықты өңірінде белгіленген кедейлік шегінің айырмасы ақшалай көмек ретінде тағайындалады. Былтыр атаулы әлеуметтік көмекті 728 мың адам алған.
"Отбасы құрамында жұмыссыз адамдар болса, өз-өзін қамтыған адамдар болса, оларға әлеуметтік бейімдеу шаралары көрсетіледі. Жұмысқа орналасу деген сияқты. Егер отбасында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар болған жағдайда оларға қосымша ақша төленеді. 1,5 АЕК мөлшерінде", - дейді ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Нұрсәуле Елеуова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!