- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тапқан ақшамызды өздері...
"Тапқан ақшамызды өздері алды". Ерлі-зайыпты мүгедекті екі қалада қайыр сұрауға мәжбүрлеген
Шымкентте ерлі-зайыпты мүгедек адамды мәжбүрлеп, қайыр сұрауға итермелеген. Ал түскен ақшаны өздерінің қалтасына салған. Ақтөбелік еріктілер мен полиция қызметкерлерінің арқасында мүгедек адам құтқарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылмыстық оқиға Ақтөбеде анықталды. Ақтөбе облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Әлиасқарұлы Балабидің айтуынша, қалада 28-30 наурызда республикалық "Стоп трафик" жедел-іс шарасы өткен. Оның мақсаты - адам саудасына қатысты істердің алдын алу.
"Шара үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізіледі. 28 наурызда қала аумағында 1977 жылғы азаматтың 2021 жылғы желтоқсан мен 2023 жылғы ақпан аралығында бас бостандығынан шектеліп, Ақтөбе, Шымкентте қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлегені анықталды. Бұл дерек негізінде Қылмыстық Кодекстің 128-бабы, 1-тармағы бойынша, тергеп-тексеру басталды. А. есімді ер адам адам саудасы құрбандарына көрсетілетін арнайы әлеуметтік бағдарлама аясында дағдарыс орталығына орналастырылды. Тергеу жүріп жатқандықтан, күдіктілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланбайды. Күдікті - С. есімді ер адам, Шымкент тұрғыны", - деді полиция өкілі.
Құлдықтан құтқарылған 46 жастағы А. есімді жәбірленуші басынан өткен жағдайды Massaget.kz тілшісіне айтып берді. Ол Түркістанда туып, өскен, кейін Шымкентке көшіп келген. Оның отбасы, жеке пәтері болған. Алайда тағдырдың жазуымен қазір жалғыз қалған. Қиын жағдайға түспес бұрын Шымкенттегі оңалту орталығында тұрған. Жәбірленушінің туған-туыстары жоқ. Қаңтарда көшеден ұлты славян әйел жолығып, жағдайын сұраған. Әлгі әйел өзінің үйінде тұруға ұсыныс жасаған, ал тапқан ақшаны бөліп алатынын айтады. Ол әйелдің сөзіне сеніп ұсынысын қабылдаған. Алайда үйіне барғаннан кейін жағдай бұл айтқандай болмай шығады. Балдақпен жүретін мүгедек кісінің жағдайына ешкім қарамаған. Ол көрпе-төсегі жоқ салқын жерде жатуға мәжбүр болған. Үй иесі "ақшаны аз таптың" деп дөрекі сөйлеп, жазалаған, оны ешкіммен байланыстырмаған. Оған күніне 40-50 мың теңге әкелу керегін айтқан. Алайда ол бұдан бас тартқан.
"Мұндай ақшаны Шымкентте бір күнде таба алмайтынымды айттым. Мүгедектігіме, асқазаным, омыртқам ауыратынына қараған жоқ. Жәбір көрсетті. Бізге ішімдік пен темекі, дүкеннің дайын тамағын ғана берді", - дейді жәбірленуші.
Оның айтуынша, ол үйде алғашқыда жалғыз өзі болған, кейін тағы екі мүгедек адам қосылған. Жәбірленуші таңнан кешке дейін адам көп жүретін жерлерде қайыр тілеген. Базар маңында күніне 25 мыңнан 30 мыңға дейін ақша тапқан. Ал жұмада бұдан да көп тапқан. Жұма намазының кезінде 45-50 мың теңге дейін ақша түскен.
Жәбірленушінің айтуынша, үй иесі жұмыс істемейді, тек қайыр тілегендердің ақшасымен өмір сүрген. Әйел "наурызда Шымкенттен Ақтөбеге барып қайыр сұрайсың" деген. Өміріне алаңдаған жәбірленуші бұл ұсыныстан бас тарта алмаған. Ақтөбедегі Орталық базар, мешіт маңында қайыр сұрауға мәжбүр болған. Тіпті көбірек пайда табу үшін мүгедек арбасына отырғызып қойған.
Үй иесінің әйелі оны бақылауда ұстаған.
"Маған телефонмен сөйлесуге, басқа адамдармен тілдесуге тыйым салды. Мен ешкімнен көмек сұрай алмадым. Солай біздің тапқан ақшамызды өздері иемденеді", - деді жәбіленуші.
Сондай бір күні еріктілер ер адамға келіп, азық-түлік пакетін ұсынады. Олар одан қандай көмек керегін сұрайды. Осылайша, еріктілердің көмегімен А. туралы дерек полицияға жетіп, құлдықтан құтқарылады.
Ақтөбедегі "Дәріс" орталығының атқарушы директоры Гүлнұр Едігееваның айтуынша, 2019 жылы осыған ұқсас жағдай тіркелген. Бірақ іс сотқа дейін жетпеген.
"Қазір осы дерек негізінде қылыстық іс қозғалды. Сотқа жетеді деп ойлаймыз. Бұл кісі қиын жағдайда болған. Оны мәжбүрлеп, еңбегін пайдаланған. Бұл кісіге еріктілер көмектесті. Алғашқыда қорыққан, екінші рет сұрағанда ғана көмек керегін айтқан. Бұл кісі өз қаласына қайтқысы келмей отыр", - дейді Гүлнұр Едігеева.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек