“Тапаншамен қорқытып, қала сыртына алып кеткен“. Алматыда өздерін полицеймін деп таныстырғандар ұсталды

Алматыда өздерін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырып, қару қолданып, мегаполис тұрғынынан ақша талап еткен адамдар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

10 тамызда бір топ адам алдын ала сөз байласып, жәбірленушіні аңдыған. Өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, тапаншамен қорқытып, оны көлікке отыруға мәжбүрлеген және қала сыртына алып кеткен. Олар қысым көрсетіп, жәбірленушіні туысына қоңырау шалуға мәжбүрлеген. Осылайша, туысы олар көрсеткен нөмірге 3 млн теңге аударған.

Осы ауыр қылмысты жасағаны үшін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бұрын сотталған төрт адамды ұстаған. Олардың біреуі бұған дейін адам өлтіргені үшін жазасын өтеген. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Тінту барысында 2 мылтық, карабин, газ тапанша және оқ-дәрілер тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр", - деді ІІМ өкілдері.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз