Танысыңа қарызды пайызбен беру не үшін қауіпті?

Танысыңа қарызды пайызбен беру не үшін қауіпті?
Фото: pixabay.com

Жеке тұлғалар танысына пайыз қосып қарызға ақша беруге бола ма, әлде тек банк бере ала ма? Massaget.kz тілшісі мамандардан сұрап білді. 

"Жеке тұлғалар пайызбен қарыз ақша сұраса берудің қажеті жоқ. Өйткені жеке тұлғаларға қолданыстағы заңнама бойынша "пайызбен қосып" қайтаруға болмайды. Пайызбен қарызға тек банк береді. Оларда Ұлттық банктен берілетін арнайы лицензиясы болады. Мысалы, сіз қарыз алушыға пайыз қосып, 2 миллион теңге бердіңіз делік, одан қолхат та алдыңыз. Кейін алушы тарап қайтармай қойды. Сол кезде сотқа жүгінесіз. Бірақ сот сіздің талабыңызды қанағаттандырмайды", - деді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Сондай-ақ Ислам финансының магистрі Мұрат Қылышбай пайызбен қарыз беру мәселесі шариғатта қалай қарастырылғанын айтып берді.

"Ғибадат адам мен Алланың арасындағы қарым-қатынасты реттесе, муамалят – адам мен адам арасындағы ақша қатынасын реттейді. Демек, қаржы саласы муамалятқа кіреді. Оның ішінде банк жүйесі, қаржы нарығы және басқа да ақшаға қатысты дүниелер муамалятта қарастырылады. Муамаляттың басты шарты - бұл рұқсат етілмеген заттарды алып тастау. Рұқсат етілмеген заттардың ішінде, ең бастысы, харам деген зат ол - "риба" (еск- өсім). Өсім дегеніміз - сіз біреуге ақшаныберіп, оның үстінен алдын ала өсім табасыз. Бұл шариғатта "риба" болып саналады. Бұл туралы Құранда 4 жерде кездеседі. Соның бірінде "Алланың лағнет айтқан адамдары" деп айтылады. Мәселен, егер мен бір адамға бір миллион теңгені бір жылға беріп, оған бір жылдан соң миллион емес, бір 1,3 миллион қылып қайтарасын деп шарт жасасам, сол 300 мың харам болып саналады", - деді қаржы маманы.

Жасұлан Ордабаев

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz