Танымал университетте сертификатқа жеке мөрін басқан декан сынға қалды: ол қызметінен кетті

Әлеуметтік желіде кейінгі бірнеше күннен бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетіне қатысты дау туғызатын ақпарат тарады. "Факультет деканы Қанат Әуесбай  оқу орнының атынан берілетін сертификатқа жеке мөрін басты" деген сынға қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жуырда оқу орнында Жас тілшілер форумы өткізілген. Танымал журналист Жұлдыз Әбділдә әлеуметтік желіде осы форумның қатысушыларына берілген сертификатқа университеттің не факультеттің емес, деканның жеке мөрі басылғанын жазды. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланды. 

"ҚазҰУ сияқты білдей бір университетте, атам заманнан келе жатқан Журналистика факультетінде мөр жоқ па сонда?" - деп жазды журналист.

Кейін факультет деканы қызметінен кеткені туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты жоғары оқу орнының баспасөз қызметі растады.

"Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай 2026 жылғы 1 сәуірде өз еркімен қызметтен кетті", - деп жазылған жауапта.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз