Танымал радио жүргізушісі енді кредит төлемейтінін айтты

Танымал радио жүргізушісі енді кредит төлемейтінін айтты

Танымал радио жүргізушісі, журналист Аяна Габуллина микроқаржылық ұйымдар 28 мың азаматтың кредитін кешіретініне наразы болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналист TikTok-парақшасында видео жүктеді. 

"Қараңыздаршы мына парадоксты: Қазақстанда 28 мың адамның онлайн несиесі толық кешіріледі екен. Менің несием кешірілуі үшін мен төлемеу керек екенмін. Бүгіннен бастап төлемеймін-ау несиемді. Адамдар несие алады екен және төлемей салады. Бірақ мемлекет солардың несиесін өтеп береді екен. Ал біз ше? Ақша төлеп жатқан, салық төлеп жатқан орта топтағы адамдарға неге көмектеспеске? Ең болмаса несиенің пайыздық мөлшерлемелерін түсірсе ол халыққа үлкен көмек болар еді", - дейді журналист. 

@ayana_gabdullina1

♬ оригинальный звук - Аяна Габдуллина

Еске салайық, 9 қарашада микроқаржылық ұйымдар 28 мың азаматтың кредитін кешіреді деген ақпарат тараған болатын. Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Парламенті мәжілісінің Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутаттарының сауалына жауап берген болатын. Жауапта агенттік депутаттардың реттеушінің іс-әрекеттері коллекторлық агенттіктерге МҚҰ-ның проблемалық микрокредиттерін сатуға ықпал етеді деген тұжырымдарын дұрыс емес деп санайтынын атап өтті.

"Биыл наурыз айында ұсынылған микроқаржылық ұйымның жеке жоспарлары шеңберінде 2022 жылдың соңына дейін 432 мың қарыз алушының 33,1 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегін қайта құрылымдау, 107 мың қарыз алушының 0,8 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегін ішінара кешіру және 28 мың қарыз алушыны 0,6 миллиард теңге сомасындағы берешегін толық кешіру жоспарланып отыр", - делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.

28 мың адамның кредиті кешіріледі. Бұл тізімге кімдер кіреді?

Ал экономист Мақсат Халықтың сөзінше, Қазақстанда 28 мың адамның несиесі кешіріледі деп хабар тарату дұрыс емес. 

"0,6 миллиард деген 600 миллион теңге. Оны 28 мың адамға бөлсеңіз шамамен 20 мың теңгеден шығады. Бұл айқайлатып жариялайтын дүние емес. Бүгінде микроқаржылық ұйымдар несие портфелін тазартып жатыр. Бұрыннан төлемей қалған кейбір азаматтар, оның ішінде, біреуі 20 мың алған, енді бірі 50 мың алғаны бар, осылайша түрлі жағдайға байланысты несиесі төленбей кетеді. Немесе біреудің атынан басқа біреу несие алып тастаған, ал оны төлемей жүр. Сондай несиелерді кешіріп жатқан болуы керек. Ал оны жариялап, барша халықтың несиесін кешіріп жатқандай тарату қылмыс болып саналуы да мүмкін. Дүрбелең жасамау керек. Қиын жағдайда жүрген азаматтар "біздің де несиені кешірсін" деп ойлайды", - дейді заңгер журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.   

Заңгердің сөзінше, бұл жолы микроқаржылық ұйымдардың несиені кешіруіне мемлекет ақша бөлмейді. Демек микроқаржылық ұйымның өзі сондай шешім қабылдаған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина