- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Танымал күйші Асылбек...
Танымал күйші Асылбек Еңсепов домбыра үлгісінде зәулім ғимарат салуды ұсынды
Жуырда елімізде Ұлттық домбыра күні атап өтілді. Күйші-домбырашы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Еңсепов айтулы мерекеге орай домбыра үлгісіндегі еңселі ғимарат салуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің ұлттық өнерге деген зор қамқорлығыңыз бен ерекше көзқарасыңызды ескере отырып, еліміздің төрінде, елордасы Астана қаласынан біз ұсынған жоба бойынша "Ұлттық домбыра орталығының" ғимараты салынып, оның салтанатты түрде ашылуына бір өзіңіздің бастау болып, қолдау білдіруіңізді сұраймын! Жаңа Қазақстанның, жаңғыру мен жаңашылдықтың символы болуға әбден лайықты бұл жобамыздың түптің түбінде жүзеге асатынына мен кәміл сенемін!" - деп жазды күйші әлеуметтік желіде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұхбатында Асылбек Еңсепов мұндай идея қайдан туындағанын айтты.
"Осы идеяны жасағанымызға біраз уақыт өтті, 7-8 жылдай болды. Әкемнің домбыраға деген көзқарасы бөлек еді. Әкем екеуміз домбырамен эстараданы бірінші бастадық. Әкеміз суретші де, композитор да, ақын да болған. Әкем 15 жасымда Алматы қаласында кетіп бара жатып, "зәулім-зәулім үйлер салынып жатыр, неге домбырадан үлкен ғимарат салмасқа?" деп айтты. ...Бұл ғимарат қазағымыздың символына айналатынына ешқандай күмәнім жоқ. "Домбыра" зәулім ғимаратының ішінде қонақүй де, бизнес орталық та, домбыраның мойнында пәтерлер де болады. Төменгі жағында концерт залдар, музейлер, домбыра мектептері кіруі мүмкін. Сондықтан бұл - көркем композиция. Екіншіден, арманымыз. Іске асып кетсе, қазақтың азаматтары қуанатын шығар деп ойлаймын", - деді Асылбек Еңсепов.
Айта кетейік, жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні атап өтіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова