Көрнекті кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне, шәкірттеріне және барша киносүйер қауымға қайғыра көңіл айтты.
"Ұлттық кино өнерін дамытуға саналы ғұмырын арнаған Ардақ Жамансарыұлы қазақ кинематографиясы өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Дарынды режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде бірнеше буын киногер қалыптасуына ықпал етті", - деп жазылған хабарламада.
Ардақ Әмірқұловтың "Отырардың күйреуі", "Абай", "Қош бол, Гүлсары!" және өзге де фильмдері ұлттық кино өнерінің алтын қорынан орын алды. Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылығын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленіп, көрермен қауым мен кәсіби ортаның жоғары бағасына ие болды.
Ардақ Әмірқұлов 1955 жылы 10 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және "Құрмет" орденінің иегері.
1992 жылдан 2002 жылға дейін "Қазақфильмді" басқарды, сонымен қатар, Алматы театр және көркемсурет институтында дәріс беріп, профессор болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!