Танымал психолог Ержан Мырзабаев үш бала туу жеткілікті деп санайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, ата-ана баланың санына емес, сапасына, отбасында дұрыс тәрбие алуына мән беруі керек.
"Декретке бір кіріп, 10-15 жыл декреттен шыға алмай кететін әйелдер бар. Бірінен кейін бірін, 5-6 бала туып тастайды. Мен бала тууға қарсы емеспін. Әрине, Қазақстанның демографиясының артуын қолдаймын. Бірақ біз ата-ана ретінде санға емес, сапаға көбірек назар аударуымыз керек. Егер 5-6 бала туып, артынан денсаулығыңыз, нервіңіз кетіп, миыңыз ашып, психикаңыз бұзылатын болса, ашулы болып, бүкіл балаларға зорлық-зомбылық, айқай шу, ұрып-соғатын болсаңыз, нервный болып, күйеуіңізге тиісіп, қарым-қатынас нашарлайтын болса, бұл 6 баланың, өкінішке қарай, сізден алар пайдасы аз. Одан да 3 бала болсын, әр бала арасында 2-3 жыл демалыс болсын", - дейді маман.
Психологтың айтуынша, қазір Қазақстанда ата-аналар баласына дұрыс уақыт бөле алмайды екен.
"Әр баладан кейін қалпыңызға келіп алыңыз, демалып, өзіңізге келіп алыңыз, миыңызды жинақтап алыңыз. Келесі баланы саналы түрде жоспарлап, дүниеге әкеліңіз. Сол кезде сіз 10-15 жылдың ішінде мүмкін үш-ақ бала туасыз. Бірақ әр бала сізден ана ретінде, әке ретінде толыққанды сүйіспеншілік, мейірім көріп өсетін болады. 5-6 бала туып тастайды, ең кішкентайы ғана ата-ананың сүйіспеншілігін көреді, қалғандарының барлығы үйдің бір бөтен баласы сияқты жүреді", - деді психолог әлеуметтік желідегі парақшасында.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз