Танымал қазақстандық дизайнер ең алғаш рет Парижге қалай жолдама алғанын айтып берді

Танымал қазақстандық дизайнер ең алғаш рет Парижге қалай жолдама алғанын айтып берді
Фото: instagram.com/nazym_arunaz

Отандық танымал жұлдыздарға киім тігетін дизайнер Назым Карпикова "Мамский әңгіме" подкастында сән әлеміндегі тәжірибесін бөлісті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Танымал дизайнер Парижге қалай жолдама алғанын, яғни подиумдарға қатысуын қалай бастағанын айтып берді.

"Біз 2014 жылы ашылдық. 2 жылдан кейін мен Kazakhstan Fashion Week-ке қатыстым. Ол кезде сәндегі ең қорқынышты адам Алексей Чжен (Kazakhstan Fashion Week-тің арт-директоры) сияқты көрінетін. Ол көптеген дизайнерді қатыстырмай, бетін қайтарып жібереді дегенді естідім. Гүлбаршын Заирова "сен қатысу керексің, мен сені өзім таныстырамын" деді. Қара мен ақ топтамамды салып, ол кісіге көрсеттім. Қатты дайындалып бардым, ешқандай адамның алдына бұлай дайындалған емеспін. Өзіміздің Қазақстанға қатысу үшін мен солай керемет дайындалып бардым. "Жарайды, көрейік, қатысуың мүмкін" деді. Instagram деген – керемет күш. Топтамамды бір рет көрсеткеннен кейін өте көптеген ұсыныс түсе бастады. "Мынадай көрсетілімдер болады, сіздің осы топтамаңызды көргіміз келеді" деген ұсыныстар болды. Бірақ менің сақтайтын бір ережем бар: мен ешқашан топтамаларымды қайталамаймын. Мен топтамамды подиумға бір рет шығарғаннан кейін оны тағы да көрсетпеймін. Кейін 2018 жылы және 2019 жылы Парижге бардым. Одан соң карантин басталып кетті. Содан 2022 жылы, 2023 жылы қайтадан бардым. 2024 жылы қаңтарда Парижге, ақпанда Миланға бардым", – деді Назым Карпикова.

Назым Карпикова танымал дизайнер Вячеслав Зайцевтің батасын алғанын айтты.

"Ең алғаш 2018 жылы Парижде топтамамды көрсеттім. Бүкіл әлемнің жұлдыздары қонатын әдемі қонақүй – Ritz Paris-де көрсетіліміміз болды. Біз Вячеслав Зайцевпен бір подиумға шықтық. Ол кезде ол кісі 83 жаста. Инсульттан кейін сөйлей алмайтын кезі болатын. 83 жаста болса да, өзі келіп, топтамасын көрсетіп жатты. Ол сол кісінің соңғы көрсетілімдерінің бірі болған шығар. Көптеген Марокко, Мысыр елдерінің дизайнерлері әдемі қаптар тігіп, топтамаларын қапқа салып қойған. Ал менің топтамам үлкен-үлкен және өте ашық түсті көйлектерден тұрды. Бірден көзге түсіп, көрініп тұрды. Сол кезде ол кісі мені шақырып, арқамнан қағып, қолымен "жарайсың" деп көрсетті", – дейді дизайнер.

Дизайнер Парижге қатысу ақылы екенін атап өтті.

Еске салайық, дизайнер Назым Карпикова тіккен оюлы киімдерді киген KeshYOU тобы американдық рэпер Snoop Dogg-пен бірге Америкада бір сахнада ән айтқан болатын. Алайда KeshYOU тобындағы қыздардың үстіне киген киімдері көпшілік қазақстандықтың көңілінен шықпады. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оюды қорлау екенін айтып сынады.

Кейін KeshYOU тобының менеджері Ләззат Баубек топты оюы бар ашық киімдер киіп шыққаны үшін сынаған адамдарға жауап берді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова