Танымал журналист Индира Жылқайдарова өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәдениет және ақпарат министрлігі журналист Индира Жылқайдарова дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтты.
Индира Орынбайқызы 2015 жылдан бастап "Хабар" агенттігінде еңбек етіп, кейінгі жылдары "Хабар" телеарнасының "Жеті күн" бағдарламасында редактор-талдаушы қызметін атқарған. Ол саяси журналистикаға, қоғамдық-саяси мәселелер мен еліміздің заң шығару үдерісін ақпараттық тұрғыдан жария етуге айрықша ден қойған. Ел өміріндегі маңызды оқиғаларды терең талдап, өзекті мәселелерді көрерменге жедел әрі шынайы жеткізуге үлес қосқан.
"Индира Орынбайқызы өз ісіне адалдығымен әріптестерінің құрметіне бөленді. Оның журналистика саласындағы еңбегі кәсіби байқауларда да жоғары бағаланды. Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты жанның жарқын бейнесі туған халқының жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!" - деп жазылған хабарламада.
Massaget.kz редакциясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова