Әлеуметтік желіде оқушыларының болашақ мамандықтарын суретке түсіріп, арман-мақсаттарын "келешектен келген хат" еткен ұстаздың видеосы тарап кетті. Желі қолданушыларын сүйсінткен мұғаліммен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты. Сонымен, ол кім?
Әсел Мырзахмет - шырайлы Шымкент қаласының тумасы. 2020 жылдан бері Түркістан облысы Шәуілдір ауылы Рахманқұл Бердібай атындағы жалпы орта мектепте "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша ұстаздық қызмет етеді. Қазіргі таңда педагог-кәсіби бағдар беруші ретінде оқушылармен жұмыс істейді.
@asel.myrzakhmet Мақсаты: мамандық әлемі және оның ерекшіліктері туралы дүниетанымын кеңейту; оқушылардың өмір туралы, мамандықтар туралы көзқарасын дамыту, алдағы уақытта мамандық таңдауда дұрыс жолда болуына себепкер болу, таңдаған мамандығының өз бейімділігі мен қабілетіне сәйкес келуін нақтылау, өзін-өзі танудың жалпы әзірлігін қалыптастыру. #кәсібибағдар #профериентолог #оқушылар #мектеп #психология #мамандықтаңдау #мамандық #мамандықчеллендж #мамандықтарәлемі #мамандықтар #мамандық📚 ♬ оригинальный звук - aselek
Жоғарыда көрсетілген видео TikTok платформасында миллионнан астам қаралым жинаған. Бейнеде Әсел мұғалім 6-сынып оқушыларына 10 жылдан кейінгі өз суреттерін көрсетеді. Онда әр оқушы өздері қалаған мамандық иелері ретінде бейнеленеді. Оқушылар 10 жылдан кейінгі өздерін көріп қуанып, тіпті көз жастарына ерік береді. Аталмыш видеоға 7 мыңнан аса пікір жазылып, көпшілік ұстаздың идеясына үлкен алғыстарын жаудырды.
"Желіден көріп қалып, мен де оқушыларымның эмоциясын көргім келді. Кәсіби-бағдар беруші педагог болғандықтан, дәл менің бағытым бойынша оқушыларға керек нәрсе ғой деп ұқтым. Мұның алдында оқушыларымнан "Менің болашақ мамандығым" тақырыбында эссе жаздыртып, армандарын біліп алған едім. Кейін сол бойынша әр оқушымның 10 жылдан кейінгі суретін жасанды интеллект арқылы жасап шығардым. Балалардың қуанғанын көріп, мен де қуандым. Алғашында Facebook желісіне жай жүктеген едім. Кейін кешке қарай өзімнің TikTok парақшама жарияладым. Ол жерде ешқандай танымал болу, біреуге көрсету деген мақсат болмады. Парақшамда бар-жоғы 30-40 оқырманым ғана бар. Таңертең оянсам, видео үлкен қаралым жинап, елдің бәрі пікір жазып жатыр екен. Көбі жылы лебіздерін білдіріп, "менің де оқушыларыма осындай жасап беріңізші" деген хаттар келіпті. Өзім сондай таңғалдым", - деді Әсел Мырзахмет.
Бір күнде көптің жылы пікіріне бөленген видеоға Әсел Мырзахметтің отбасы да, ұжымы да ізгі ниеттерін білдірген. Тапқырлығына риза болып, шынайы тілектестігін жеткізген.
"Отбасым да, ұжымдастарым да қатты қуанды. Телеарналардан хабарласып, көбі видеоға қатысты пікірімді сұрап жатты. Бұлай танымал болады деп ойламадым. Ұжымда көп ұстаздар негізінен жасанды интеллектіні жиі пайдаланады. Ұжымдастарым да үлкен қолдау білдірді. Видео кейін де әлеуметтік желідегі түрлі пабликтерде тарап кетіп, жақын туыстарым, ұжымдастарым маған жіберіп отырды. Өзім осы сыныптың жетекшісімін. Оқушыларыма рақмет! Олар менің арманымның орындалуына себепкер болды", - деп жауап берді ол.
Әсел Мырзахметтің отбасы өмірлерін ұстаздық жолға арнаған жандар. Отбасылық династияның мүшесі ұстаздық жолға қалай келгені жайлы әңгімелеп берді.
"Менің анам да, анамның анасы да, әкемнің анасы да ұстаз. Әпкелерім де ұстаздық жолда қызмет етеді. Солардың жолын қуып мен де осы мамандықты таңдаған едім. Осы мектепте мұғалім болып жүргеніме 4 жыл болды", - деді маман.
Желі жұлдызына айналған жас маман ұстаздық ұстанымдары жайлы бөлісті.
"Ұстаздық жол жаңашылдықты, ізденімпаздықты талап етеді. "Бала жүрегі - кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек" деп Мұхтар Шаханов атамыз айтқандай, баланың жүрегіне жол табу, бойындағы керемет қасиеттерін аша білу - әр ұстаздың міндеті. Менің де ұстанымым сондай. Оқушының жан қалауын табу, оған бағыт-бағдар беру, келешекте тұлға болып қалыптасуына септігімді тигізу басты міндетім", - деді Әсел Мырзахмет.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!