- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Танымал блогерлер жарыса...
Танымал блогерлер жарыса тағып жүрген Cartier бренді қалай пайда болған?
Елімізде халық арасында брендтерге деген қызығушылық бұрынғыдан жоғары десек қателеспейміз. Оған әрдайым жұрт назарында жүретін танымал өнер жұлдыздары мен блогерлер де себепші. Себебі олардың мойындарынан немесе қолдарынан атақты брендтердің әшекейлерін жиі көруге болады. Көптеген блогер жарыса тағатын зергерлік бұйымдар брендінің бірі - Cartier. Бұл бренд қалай пайда болған және оның қандай коллекциялары көпшіліктің сүйікті бұйымына айналды? Massaget.kz тілшісі Cartier бренді жайлы шолу ұсынады.
Мұның бәрі 1819 жылы қарапайым қолөнершінің отбасында Луи-Франсуа Картье (Louis-François Cartier) атты бала дүниеге келген кезде басталды. Әкесі ұлының ерекше қабілеттері мен жасампаздыққа деген сүйіспеншілігін байқайды да, оны Париж зергері Адольф Пикардқа (Adolphe Picard) шәкірт етіп беруді шешеді. Жас шәкірт 10 жылдан астам уақыт бойы қиын зергерлік шеберліктің қыр-сырын игеріп, білім мен тәжірибе жинап, өз уақытын шыдамдылықпен күтеді.
Алайда бұл сәт өзін ұзақ күттірмейді. 1847 жылы Луи-Франсуа Картье ұстазынан сатып алып, өзінің алғашқы шеберханасын ашады. Жаңа нәрсе ойлап табуға деген құштарлық жас шеберді жеке тапсырыстарға көбірек уақыт бөлуге итермелейді. Себебі ол солайша өзінің қабілеттерін жақсы көрсете алатын.
Луи-Франсуа Картье (1819-1904)
Болашақ зергерлер патшасына кішкентай шеберхананың ішінде тар болады, сондықтан 1853 жылы Картье Place du Palais-Royal-ға көшуге шешім қабылдайды. Ол сол кездегі Париждің ең сәнді кварталы болып саналды. Алты жылдан кейін Луи-Франсуа Картье Boulevard des Italiens-те жаңа бутик ашады.
Бутик ашылғанына екі апта уақыт өтпей, дүкенге әдемі ханымдар келеді. Олар шебердің туындыларына қарап, күрсінеді. Алайда соңында үш брошь алады. Кейінірек Картье оның қонағы Наполеон III сарайындағы бейнелеу өнері жөніндегі суперинтенданттың әйелі және Наполеон Бонапарттың жиені Матильда ханшайымның ең жақын құрбысы екенін біледі.
Бірнеше жыл ішінде графиня, ханшайым Матильда және Наполеон III Бонапарттың әйелі - Евгений патшайым Картьеден жүз елуге жуық зергерлік бұйым сатып алды. Олар әр әшекей сатып алған сайын жас зергерді достары мен таныстарына ұсынудан қорықпады: себебі зергерлік бұйым ешқашан қайталанбайтын. Картьенің танымалдығы мен байлығы артады.
Луи-Франсуа Картье зергерлік бұйымдарды әрдайым тек бір данадан жасады және ол өз саласында платинаны бірінші болып пайдаланды. Сол кезде танымал болған алтын мен күмісті өңдеу оңайырақ болды, ал платина жоғары шеберлік пен үлкен шыдамдылықты қажет етті. Сондай-ақ платина қымбат тұратын алтын мен күміске қарағанда әлдеқайда берік болды және көптеген тастарға шыдайтын.
Алғашқы зергерлік шеберхана ашылғаннан кейін 27 жыл өткен соң, Луи-Франсуа тізгінді ұлы Альфредке (Альфред Картье (1841-1925)) береді, ол отбасылық істі дамыту мен сақтауда маңызды рөл атқарады. 1898 жылы Альфредтің үш ұлының бірі - 23 жастағы Луи (Луис Джозеф Чарлиер (1875-1942)) шеберхананың жаңа иесіне көмекке келеді. Бір жылдан кейін Париждегі атақты және ең қымбат көшелердің бірі - Вандом алаңының жанындағы рю-де-ла-Пэ көшесінде тағы бір бутик ашылады. Ол әлі күнге дейін сол жерде орналасқан.
ХХ ғасырдың басында табысының шыңында болған Альфред өндірісті халықаралық деңгейге дейін кеңейткісі келеді және бұл жұмысқа ұлдарын қосады: Луи, Пьер және Жак. Олар жұмыстарды бөліп алады. Луи (Louis Joseph Cartier (1875-1942) Париж үйіне кіреді, Жак Нью-Йоркке кетеді, ал Пьер (Pierre Cartier (1878-1964)) алдымен Лондонда (1902) Нью-Берлингтон көшесінде, ал кейінірек 1909 жылы Нью-Бонд-стритке ауысады. Ағылшын филиалы бірден корольдік отбасының назарын аударды. Уэльский Эдуард VII ханзадасының өзі Картьеден тәж кию рәсімі үшін 27 диадемаға тапсырыс береді. 1904 жылы Cartier үйі ағылшын сарайының ресми жеткізушісі болып тағайындалады, кейінірек испан, португал, орыс, бельгиялық және басқа да монарх сарайларынан ұсыныстар алады.
Картье ағайындылары өздерінің батылдығы мен бұйымдарының сапасымен салтанатты бұйымдар жасау тарихында жарқын із қалдырды. Алайда, Cartier үйі платинаны қолдануда ғана емес, сонымен қатар қол сағаттарын жасауда да бірінші болды.
1904 жыл Cartier үйі үшін екі себеппен маңызды жыл болды. Біріншіден, оның негізін қалаушы, өз ісінің шебері Луи-Франсуа Картье қайтыс болды, екіншіден, бұл алғашқы қол сағаттарының құрылған жылы болып саналады. 1904 жылы өзінің досы және авиация пионері Альберто Сантос-Дюмонның (Alberto Santos-Dumont 1873 -1932) тапсырысы бойынша Луи Картье (Louis Cartier) әйгілі "Сантос" моделін жасайды. Бірде ұшқыш досына ұшу кезінде қалта сағатын пайдалану қиын екенін айтып шағымданады және оған ұшақты басқарудан алаңдамауға мүмкіндік беретін балама табуды сұрайды. Осылайша білекке тағуға арналған былғары бауы және кішкентай ілмегі бар сағат пайда болды.
Одан кейін Cartier үйінің басшылығы бірнеше рет өзгерді, алайда ол одан сайын дами берді және имиджі қатая түсті. Бренд немен айналысса да, ол өз коллекцияларында оны танымал еткен ойлау еркіндігі мен отбасылық дәстүрлерді сақтай алды.
Брендтің атақты коллекциялары
Panthère de Cartier
Пантера мотиві Cartier үшін аңызға айналды. Алғаш рет ол оникстері мен гауһар тастары бар платина сағаттарда (1914 жылғы коллекция) пайда болды. Оны Жанна Туссен ойлап тапты. Ол брендтің арт-директоры және Луи Картьенің (брендтің негізін қалаушының немересі) музасы еді. Ол кейде оны "менің Пантерам" деп атаған, бұл лақап атты кейін басқалары да қолданып кеткен.
Cartier Trinity
ru.pinterest.com
1924 жылы Луи Картье танымал сақиналардың бірінің дизайнын ойлап тапты. Жолақтар асыл металдардан орындалды және қарым-қатынастағы әртүрлі сезімді білдірді: қызғылт алтын - махаббат, ақ алтын - достық, сары алтын - адалдық.
Cartier Love
ru.pinterest.com
Махаббат шынжырына ұқсас білезікті дизайнер Альдо Чипулло 1969 жылы ойлап тапқан. Мұндай ерекше идея оған сүйіктісімен ауыр ажырасқаннан кейін келеді. Ерлер мен әйелдерге арналған әшекей шексіз махаббат пен сүйіспеншілікті білдіреді. Оны қолыңыздан өздігіңізден шешу оңай емес, ол серігіңіздің көмегін қажет етеді.
Cartier Juste un Clou
ru.pinterest.com
Тағы да Алдо Чипуллоның жетістігі. 1971 жылы ол әлемдегі ең қымбат шегені ойлап тапты. Және бұл әзіл емес! Итальяндық дизайнер үшін материалға қарағанда әшекейдің пішінінің дизайны маңыздырақ болды. Білекке оралған шеге - минимализмді және қолөнершілердің еңбегін құрметтеуді білдірді. Картье үйінің 165 жылдығына орай шығарылған коллекцияға сол "шеге" пішінді сырғалар, алқалар мен сақиналар кірді.
ru.pinterest.com
1981 жылы Картье бренді парфюмерия нарығына шығып, Must парфюмериясын, ал 6 жылдан кейін әйгілі Panthère de Cartier әтірін ұсынады. 2014 жылы әлемге тағы бір хош иісті — La Panthère ұсынды, ол еркіндікті және әсем, тәуелсіз әйелдің сұлулығын білдіреді.
Бүгінгі таңда Cartier үйінің 125 елде 200-ге жуық бутигі бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова