- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Танымал блогердің өліміне...
Танымал блогердің өліміне қатысты күтпеген дерек айтылды
Өзбекстан астанасы Ташкентте 20 жастағы блогер Асад Алго қайтыс болды. Ол әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты насихаттайтын видеоларымен танымал болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Podrobno.uz-ға сілтеме жасап.
Блогер 19 шілдеде басына жасалған отадан кейін қайтыс болды. Бұл туралы оның 1 миллионнан аса оқырманы бар Instagram-парақшасында хабарланды.
Блогердің достары әлеуметтік желілерде ол бұдан бірнеше күн бұрын басына жарақат алғанын айтты.
Полиция департаменті өкілдері блогер Асад Алгоның (Асадбек Арзиқұлов) өлімінің мән-жайын айтты. Оның бірнеше күн бұрын бір жігітпен төбелескені анықталды.
"19 шілдеде Асадбек бас миының жабық жарақаты, бас миының жарылуы, басының, мойнының субдураль гематомасы, тізесі мен екі шынтағының көгеруі жарақаттарымен Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығына жеткізілді. Бұл туралы дәрігерлер ішкі істер органдарына хабарлаған", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Тексеру барысында 16 шілдеде Ташкентте Асадбек Арзиқұлов пен оның 26 жастағы танысы жанжалдасып, соңы төбелеске ұласқаны белгілі болды. Алайда төбелестен кейін жігіттер татуласып, тарап кеткен. Асадбектің өзі бұл жағдай туралы құқық қорғау органдарына да, медициналық мекемелерге де жүгінбеген.
19 шілдеде блогердің денсаулығы күрт нашарлап, ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, басына ота жасалған. Алайда ол көз жұмды.
Бұл дерек бойынша Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодекстің 104-бабы 3-бөлігінің "е" тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек