Бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желіде танымал айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева жол апатынан қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Ақмола облысы Полиция департаменті өкілі мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаралы хабарды марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов әлеуметтік желіде жеткізген еді. Ақмола облысы Полиция департаментінің редакцияға берген жауабына сүйенсек, жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
16 маусымда шамамен сағат 07:00-де Астана - Атбасар - Жақсы тасжолының 231-шақырымында, Бастау ауылының маңында жол апаты болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша Chevrolet Tracker көлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан 1973 жылы туған ер адам тізгіндеген КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен 1978 жылы туған жолаушысы оқиға орнында көз жұмды", - деді полиция.
Бұл дерек бойынша соталды тергеу басталған.
Полиция жүргізушілерден жолда барынша мұқият болып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова