"Танымал әншінің қызымын". TikTok желісінде видеосымен танылған анасы мен қызы сұхбат берді

TikTok-та енесі мен келіні рөлінде видеосымен танылған анасы мен қызы көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Талантты қыз Әмина Сералиева және анасы Гүлбаршын Тұрғанбайқызымен өнері, шығармашылығы туралы Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Танымал әншінің қызымын"

TikTok "жұлдызына" айналған Әмина ата-анасымен Ақтау қаласында тұрады. Анасы өнерлі отбасынан шыққан.

@gulbarshyn_m

♬ оригинальный звук - Gulbarshyn

"Өзім Маңғыстауға танымал әнші Тұрғанбай Жайлаубаевтың қызымын. Өнерлі отбасынан шықтым. Кішкентай кезімнен сахнада өнер көрсету, ән айту арманым еді. Бірақ анамның айтуымен, мұғалім мамандығын таңдадым да, арманым орындалмады. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болдым. Бұл салада жұмыс істеп көрмедім. Әрі қарай тұрмысқа шықтым, - деді Гүлбаршын Тұрғанбайқызы.

Гүлбаршын қазір той ұйымдастыру саласында жұмыс істейді.

"Әлі де өнерді жақсы көремін. 2016 жылдан бері той ұйымдастыру бағытында жұмыс істеймін. Сыңсу, келін кіргізу рәсімдерін орындаймын. 2021 жылы Ақтау қаласында өткен "Асыл ана" форумында "Өнер қайраткері ана" номинациясын көп дауыс жинап жеңіп алдым", - деді ол.

"Қызым ұсыныс айтты"

Анасының айтуынша, әлеуметтік желіден парақша ашқанда белгілі бір мақсат болмаған.

@gulbarshyn_m

Мына жігіт қалай??

♬ оригинальный звук - Gulbarshyn

"Instagram-ға 2016 жылы тіркелгенмін. Ол кезде қарқынды түрде жүргізген жоқпын. 2020 жылы карантинде  Әмина "басқалар анасымен видео түсіреді, сен неге менімен түспейсің?" деп, ұсыныс айтты. Бастапқыда ұялып, бас тартып жүрдім. Кейін қиылып сұрағасын бір рет түсіріп көрдік. Бірақ сол видео адамдар арасында танымал болып кетті де, әрі қарай жалғастырдық. Бастапқыда атақты боламыз деген мақсатымыз болмады. Тек қызығушылықпен түсіретінбіз. Кейін көпшілік Әминаның талантын көріп, "керемет актриса екенсің" деп жиі айта бастады. Сол кезде өзім де актерлік қабілетін байқадым. Сөйтіп, қызымның болашағы үшін видео түсіруді қолға алдым", - деді Гүлбаршын Тұрғанбайқызы.

Ол әр видеодағы оқиғаны өзі құрастырып, жазатынын айтты.

"Видео түсіруге әрі кетсе бір сағат уақытымыз кетеді. Жалпы, дайын аудиоларға түсірсек, уақыт көп кетпейді. 1-2 дубльден шығады. Кейде сценарийді жазып, оқиға желісін өзім құрастырамын. Сосын қызыма түсіндіріп, оны дайындаймын", - деді анасы.

"Кинодан ұсыныс күтіп жүр"

Анасының айтуынша, Әмина өмірде сабырлы қыз.

@gulbarshyn_m

♬ оригинальный звук - Gulbarshyn

"Қызым өмірде байсалды, ұяң десем болады. Бірақ рөлге түсетін кезде бір мезетте соған еніп кетеді. Бұл өзінің таланты шығар деп ойлаймын. Болашақта  осы қабілетін шыңдап, актриса болғысы келеді. Қазіргі таңда үлкен киноға түсуді армандайды. Кинолардан ұсыныс күтіп жүр", - деді ол.

Алғаш рет әлеуметтік желіге видео түсірген кезде Әмина 6 жаста болған.

"Бірінші видеомыз өте керемет шықты. Туыстар ең бірінші бағалайды ғой. Олар бірден, "Әминаның осындай қабілеті бар ма, актриса екенсіңдер ғой" деп таңғалып, жақсы пікірлер айтты. Одан кейін Қазақстанға танымал бола бастадық. Негізі көпшілігі жақсы пікірлер жазады. Оның бәрін бастапқы уақытта Әминаға оқып беріп жүрдім. Қазір олай етпеймін, керек болса өзі кіріп оқып алады.

Жағымсыз пікірлер жоқ деп айта алмаймын. "Кішкентай балаға бұл не керек?" деп жазылатын пікірлер болады. Осы бағытта жұмыс істеген кезде барлық жағына да дайын болдым. Бірақ жағымсыз пікірлерді Әминаға оқып бермеймін. Себебі көңіл-күйін түсіргім келмейді", - деді ол.

"Актерлікті ешкімнен үйренбедім"

Әмина - өте талантты қыз. Бос уақытында бірнеше үйірмеге барады.

"Гимнастикамен айналысамын. Ән айтқанды, сурет салғанды жақсы көремін. Үйірмедегі апайлар үнемі мақтап отырады. Видеода түрлі рөлге енген ұнайды. Бірақ мұны ешкімнен үйренбедім. Тіпті актерлік курсқа да бармадым. Анам түсіндірген соң, өз идеяммен әрі қарай дамытып, ойнап шығамын", - деді Әмина.

Ол сүйікті актрисасы туралы да айтып берді.

"Көбінесе қорқынышты фильмдерді жақсы көремін. Қазақша комедияларды да жиі қараймын. Сүйікті актрисам - Дариға Бадықова. Әсіресе "Келінжан" фильміндегі Айсара рөлін жақсы көргендіктен, үйде жиі пародия жасаймын.

Тойларға шықпаймын. Тек туысқандардың тойында ән айтып беремін", - деді талантты қыз.

"TikTok-тан табыс таппаймыз"

Анасының айтуынша, үйде әкесі де, ата-әжесі де үнемі Әминаға қолдау білдіріп отырады.

"Ата-әжесі басқа қалада тұрады. Бірақ видеоларды көргенде қуанып, жылы лебіздерін жолдайды. "Кеше жұмыстастармен ана видеоны көріп, күлкіден қарық болдық" деп пікірлерімен бөліседі. Үнемі бізге қолдау білдіреді. Бір ұл, үш қызым бар. Немерелерін мақтан тұтады.

Әминаның әкесі де қолдап, "керемет шығыпты" деп айтып отырады. Видеоға ер адам керек болса, ол да бірге түседі. Кейде "көптен видео түсірмей кеттіңдер, ерінбеңдер" деп мотивация береді. Мұның бәрі бала үшін керемет қолдау", - деді Гүлбаршын.

Анасы мен қызы алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.

"ТикТок-тан табыс таппаймыз. Бірақ тікелей эфирге шығу ойымда бар. Әзірге дайын емеспін. Бұйырса қолға аламын. Көбіне бізге жарнамалардың бәрі Instagram арқылы түсетіндіктен, сол жақтан табыс түседі", - деді ол. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!