Танымал актриса Нұргүл Мыңғатова ұлы Алинұр туралы неге еш жерде айтпайтынын, неге суретін көрсетпейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атақты қазақстандық актриса Нұргүл Мыңғатова танымал тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында түсірілім кезінде қанша күнге, қандай алыс жерге кетсе де баласын көруге келетін ана екенін айтты.
"Түсірілім біткен бойда көлік қайда деп балама баруға тырысамын. Құшақтап, мыжып-мыжып, жанында ұйықтап, келесі күні әңгімемді айтып, содан кейін ғана жұмысқа кетемін. Қазір ұлым енді үш жасқа келді, балабақшаға барып жүр. Өте қызық кезең", - деді актриса.
Алайда Нұргүл Мыңғатова баласының суретін әлі күнге дейін еш жерге жарияламапты. Әлі күнге дейін әлеуметтік желідегі парақшасында ұлының бірде-бір суреті жоқ екен. Оның баласын оқырмандары мен көрермендері ешқашан көрмеген. Динара Сәтжан актрисадан баласының суретін неге жарияламайтынын сұрады.
"Бұйырса енді ғана есейіп, жігіт болып келе жатыр. Қазір жасы үштен асты. Мен үшін әлі кішкентай. Өзім кеш босанғаннан кейін аялап жүрмін. Шынымды айтсам, бәріне қызық, көргілері келеді. Кішкене өсіп алсын деп жүргенде жасы үштен асып кетіпті ғой. Қазір менімен сөйлесіп, өзіме ақыл үйрететін болды. Қазір оны видеоға түсіріп, контент түсіруге болады негізі. Бірақ басқа да ойым бар", - деген актриса жақында ән жаздырып, бейнебаянда баласын көрсететін ойы барын жасырмады.
Нұргүл Мыңғатова алғашында Динара Сәтжанның бағдарламасына баласымен келуді жоспарлаған екен. Алайда баласы ауырып қалған соң өзі ғана келіпті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!