- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Танымал адамның баласы...
Танымал адамның баласы болу бақ па, сор ма? Психолог жауабы
Танымал болу көп адамның арманы шығар. Алайда мұндай бақтың да кемшін тұстары бар. Атақты болып, ел алдында жүрген адамдардың әдетте балаларына көңіл бөлуге уақыты табылмай жатады. Ал уақыт бөлінбеген балаға бұл кері әсерін тигізуі мүмкін. Кезекті кейіпкеріміз есімін жариялауды жөн көрмеді, алайда ол - ел алдында жүрген адамның баласы. Оның айтуынша, атақ көтере алмаған әке баланың жанына жара салуы мүмкін. Massaget.kz тілшісі кейіпкер хикаясын психолог, Ізгілік педагогика ұстазы Аяулым Бақытовамен талқылады.
Кейіпкердің отбасында 3 бала бар. Анасы мен әкесі бала кезде ажырасып кеткен. Араға көп уақыт салмай анасы көз жұмған. Сол кезден бері әкесіне деген реніш қалған. Оның айтуынша, қазір әкесінің отбасы бар. Ал кейіпкерде жанына батқан жара, өзіне деген сенімсіздік пен жалғыздық сезімі ғана.
Психолог бала кезден мұндай ауыр соққы көрген баланың өміріне талдау жасады.
Ажырасу
"Ажырасу кесірінен ерлі-зайыптыдан бұрын, бала зардап шегеді. Олардың арасында болған мәселеге уақыт емші болуы мүмкін. Ал баланың санасында бұл оқиғаның зардабы өмір бойы қалып қояды. Әр бала үшін ата-анасының ажырасуы үлкен стресс және психологиялық күйіне жағымсыз әсер етеді. Әрбір отбасы балаға өмірді тануды, қоғамда өз орнын табуға үйретеді. Егер ата-анасы өмірде бақытты, өздеріне сенімді болса, жағдайға оптимизммен қарайтын болса, балалары әлдеқайда тұрақты, сенімді, сәтсіздіктерге төтеп бере алатындай болып өседі. Сәйкесінше, бала ажырасып жатқан отбасында өмір сүріп, үлкендермен мәселені теңдей көріп өссе, өмірге деген қызығушылығы төмендеп, өзіне деген сенімділігі азаяды, ортасынан оқшауланып қалады. Негізі, баланың бақыты ата-ана бақытынан басталады", - дейді ол.
Психологтың айтуынша, ата-анасы ажырасып жатқан баланың (негатив жағдай қарастырылған - еск.) жай-күйі қатты өзгеруі мүмкін. Ажырасу кезінде бала өзін жалғыз сезініп, қауіпсіздік сезімін жоғалтуы мүмкін. Бұл депрессияға алып келуі ықтимал. Бұдан басқа, ол ата-анасының ажырасуына өзін кінәлі санап, өзін төмен бағалай бастауы мүмкін.
Анасынан ерте айырылу
"Ерте жастан анасынан айырылған баланың тағдыры, оның тез өсуіне, қоғамда басқа адамдармен араласуына қатты әсер етеді. Психикалық процестерінің дамуында мынадай ерекшеліктер байқалады: қабылдауының төмендігі, түйсінудің әлсіздігі, есте сақтаудың, қиялдың баяу дамуы, көрнекілік-бейнелік ойдың толық жетілмеуі, ерік-жігері әлсіз, зейіннің тұрақсыздығы. Мінез-құлық дағдыларына келетін болсақ: жиі көңіл күйдің өзгеруі мен тұрақсыздық, ашушаңдық, өзін-өзі ұстай алмаушылық, сабырсыздық, сенбеушілік, ызақорлық, тұйықтық, енжарлық, қатыгездік, ұқыпсыздық секілді жағымсыз мінез-құлық дағдылардың басымдылығы. Ал қарым-қатынаста: құрдастарымен жиі келіспеушілік, құрдастарымен бірігіп ойнай білмеуі, үлкендермен сөйлесе алмау, оқшаулануы байқалады", - дейді психолог.
Кейіпкер психолог сипаттаған ерекшеліктердің бойында болғанын жасырмады. Алайда психологпен үздіксіз жұмыс пен жақындарының қолдауы арқасында ол қоғамға ашыла бастаған.
Әке тарапынан көңіл бөлінбеу
Аяулым Бақытованың айтуынша, анасынан ерте айырылған бала әке махаббатына бөленбей өссе, бұл оның өміріне қатты әсер ететіні анық.
"Бүгінгі таңда қоғамда әке мен бала арасындағы байланыстың бәсеңдей түскендей жайы байқалады. Әке тәрбиесі бала үшін әрқашан маңызды, баланың болашағына да негізгі бағдар болмақ. Балаға қажет мейірім мен махаббатты әке-шешесінен көрмесе, бала оны сырттан іздейді. Әсіресе ұл балаға әке тәрбиесі өте маңызды", - дейді маман.
Бұл жағдайда бала өзін-өзі төмен бағалай бастауы мүмкін.
Әкенің екінші отбасын құруы
Маманның айтуынша, әкенің назары басқа балаға ауғанын түсінген жеткіншекте іштей күрес басталуы мүмкін. Әсіресе ол басқа анадан туған балаларды бәсекелес көруі ғажап емес.
"Бала үшін ана – жарық күн болса, әке – асқар тау. Жанына жақын екі адамның жылуын сезінбеген бала өз-өзін керексіз сезінеді. Қолынан ештеңе келмейтіндей, өз ойын ашық жеткізуге жүрексініп, жасық болып өседі. Толық емес отбасындағы балалар толық отбасындағы балаға қарағанда өзін кем санай бастайды. Баланың жанын жаралайтын жағдайдың нәтижесінде психологиялық жағымсыз әсерлер үнемі жалғаса берсе, оның ішкі қарсылығын оятып, бірте-бірте тұрақтанған қарама-қайшы мінез-құлқын қалыптастырады. Бұдан кейін ол ешқандай психологиялық хабарларды қабылдамайтын күйге ауысады. Жалпы ішкі қарама-қайшылығы мол адамдар ашуланса да, өкпелесе де, өзін-өзі тоқтата алмай ұзақ әуреленеді", - дейді ол.
Қандай жағдай болмасын, адам танымал болсын - болмасын, әке болу мен әке бола білу жер мен көктей. Жастайынан әке махаббатын сезінбей өскен бала үлкен өмірге қадам басқанда түрлі қиындыққа тап болуы мүмкін. Үнемі стресс, өкпе, біреумен бәсекелес болу адамды қажытып, өмірдегі жақсы сәттерді елемеуге әкелуі мүмкін.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек