Тәңіршілдік әлде салафизм. Қазақ үшін қайсысы қауіпті?

"Тәңіршілмін" дегендер кімдер? Ол қайдан шыққан түсінік? Massaget.kz тілшісі сарапшылардан жауап алды. 

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл қазіргі "тәңіршілмін" деп жүрген азаматтардың қандай түсінікке сеніп жүргенін айтты. 

"Таза тәңіршілер дегеніміз - таза қалмақтар. Жалпы, тәңіршілдіктің ешқандай жүйесі жоқ. Мұны нақты біле де алмаймыз. Біз Тәңір мен Ұмай ананы білеміз, ал басқа дерек те жоқ. Негізі мұның бәрі алтайлықтардың діндері. Мәселен, хазарлар мен оғыздарда Ерлік, Өлген деген құдайлар болмаған, ол деген - көне түркте де болмады деген сөз. Әйтпесе, бұл сөздер бізге дейін жететін еді. Тәңіршілдіктен қалған аңыз ретінде "Үш Құрбыстан – Үш Құдіретті Құрдас" деген әңгімені ұсынып жүр. Бұл сенімді 19 ғасырда Ресей империясы алтайықтардың шоқынбасын деп буддистер арқылы ойлап тапқан. Бұл, кәдімгі жаңа секта десек болады. Негізін буддизмнен және басқа діннен алған. Қазір таңда сол 19 ғасырда ойлап тапқан түсінікті көне түркілердің діні деп жүр", - деді Еркін Әбіл.

Еркін Әбілдің айтуынша, қазақ халқы 15-16 ғасырда ұлт болып қалыптасып, пайда болғаннан бері мұсылман.

Орхон жазулары қара сөзбен жазылған, поэтикалық өнер болса да, ресми мәдениетте дамымаған. Ал араб-парсы мұсылман мәдениетімен көшпенділер танысқаннан кейін поэтикалық өнер бірінші орынға шығады. Қазақтың ақын деген сөзі парсы тілінен келді. Кейін Қараханид дәуірінде ислам өркениеті келген соң Орталық Азияда жаңа мәдениет қалыптасты. Ол әр халықтың тілінен де білініп тұрады. Біз айтып отырған 9-10 ғасырларда араб және парсы тілі қазіргі ағылшын тілінің деңгейінде болған. Білім мен ғылымның көбі сол тілдерде жазылды. Біз түсінуіміз керек, әрбір мұсылман елдерінің салтында бұрынғы діндерінің қалдықтары болады. Бірақ ол қалдық ретінде ғана. Ол христиан дінінде де бар. Мәселен, қазақта да мұндай ғұрыптар баршылық, бірақ ол Ислам дініне қайшы емес. Қазақ салт-дәстүрінде игілік пен қуанышқа негізделгені көп. Оған тек салафиттер ғана қарсы", - деді депутат.

Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының бас сарапшысы Салтан Сайранұлының айтуынша, тәңіршіл боп жүргендер тарихқа қиянат жасап жатыр.

"Біз түріктер қаншама Ислам мемлекеттерін құрдық. Ислам арабтың діні болса, біздер неге баяғыда араб боп кетпегенбіз? 70 жыл Кеңес Үкіметінің отарында боламыз деп, орыс боп кете жаздадық емес пе, ал Исламды қабылдап, сонымен 12-13 ғасыр бойы біте-қайнасып кеткен түріктер қалайша араб боп кетпеген? Демек, мұсылман болу – араб болу емес. Түріктерді Исламнан бөлек көрсету, қазақты Ислам дінінен жеріту – осынау тарихымыздың бәрін мансұқтап, сызып тастау деген сөз. Бұның арты ұрпақтың мәңгүрттігі мен дүбаралығына алып келеді. Бұл барып тұрған тарихымызға жасалған қиянат пен опасыздық. Сондықтан да, сыртқы күштердің мұндай қитұрқы саясатына қуыршақ болмайық! Себебі, «тәңіршілдіктің» артында бізді Буриятия, Якутия, Хакасия және Сібірдегі түріктердің тағдыры күтіп тұр!", - дейді дінтанушы.

Тәңіршілдікті дін деп атауға бола ма?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы былай деп жауап берді:

"Әрине, жоқ. Себебі, тәңіршілдік дін емес ол – түркі халықтарының исламға дейінгі нанымы. Табынудың басты объектісі – Тәңір. Тәңір (көне түркі тілінде – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіз күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі. Тәңірмен қатар Жер – Су құдайы да түркілер үшін – табыну объектісі болған. Егер осы айтылған тұжырымды қабыл етсек, онда тәңіршілдікте үш құдай түсінігі бар деген ұғым шығады. Тәңіршілдік дін санатына жатпайды. Себебі, Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды, құлшылық жасауды талап етпейді. Күнделікті құлшылығы мен ғибадатханасы болмаса, қасиетті кітабы мен пайғамбары, пайғамбардың ізбасарлары болған ресми дін адамдары болмаса, діни мереке күндері мен жерлеу рәсімдері болмаса, ол қандай дін болмақ? Тек құдайды еске алып қою ол дін емес, жай ғана наным. Оны дін ретінде таныту – адасушылық. Исламды, Құранды, Мұхаммед пайғамбарды қабыл етпеу – күпірлік", - делінген дін басқармасының жауабында.

Жасұлан Ордабаев

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!