Ақтауда шетелдік көліктерді заңдастыруға байланысты мамандандырылған ХҚКО-да адам көп екені байқалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру аяқталуына екі апта қалды. Ал бүгін таңертең Ақтауда мамандандырылған ХҚКО-да адам көп жиналған.
"Басқұдық ауылынан таңғы сағат 7-де келдім, мұнда адам көп болды. Барлығы талон алғысы келеді. Көбі көлікті заңдастыруға тырысып жатыр", - деді Талғат Мұсаев.
Көлік иелерінің айтуынша, заңдастыру рәсімі көп уақытты қажет етпейді, бірақ кезек күтуге көп уақыт кетеді. Сондай-ақ, мамандандырылған ХҚКО-да қолайлы жағдай жоқтығы тұрғындардың наразылығын тудырды.
"ХҚКО әкімшілігі адам көп болатынын біле тұра, келушілер үшін көбірек орындық, су қарастыруы керек еді. Бірде-біреуі жоқ. Ғимаратта отыру мүмкін емес", - деді Амантай Күмісбаев.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Оның мерзімі ұзартылмайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!