Түнде төсекте жатып, терлейтіндер көп. Эндокринологтардың айтуынша, таңертең терлеп ояну адам ағзасындағы аурулардың себебінен болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Гормондық өзгерістер. Әйелдер етеккір келетін уақытта себепсіз терлейді. Зерттеушілер мұндай жағдайға 80 пайыздан астам әйелдер тап келетінін айтқан. Әрине, бұл уақытша жағдай. Етеккір кеткен соң бәрі қалпына түсу керек. Ал егер тершеңдік ары қарай да жалғасса, онда ағзадағы гормонға сараптама жасату керек. Олардың дұрыс бөлінуі, жақсы жұмыс істеуі денсаулығыңызға айтарлықтай ықпал етеді.
Дәрі қабылдау. Егер сіз қандайда бір дәрі қабылдап жүрсеңіз де түнімен терлейсіз. Әсіресе жүйкені тыныштандыратын, ауруды басатын, диабетті емдейтін, қалқанша без ауруының алдын алатын дәрілерді қабылдап жүрсеңіз, бұл жағдайға тап боласыз. Негізінде дені сау адам дәрі ішкеннен терлемейді. Сондықтан да дәріні ұсынған дәрігерге жағдайды айту керек. Себебі бұл дәрі сіздің дертіңізге әсер еткенімен, денсаулығыңызға зиянын тигізуі мүмкін.
Инфекциялық аурулар. Ағза инфекциямен күресіп жатқан кезде вирусты, бактерияны және дене қызуын шығарады. Бұл кезде ағза тер бөледі. Кейде ұшық шыққанда, туберкулезбен ауырғанда терлейді. Одан бөлек, түрлі созылмалы аурулар қозғанда, баспа ауруы басталғанда, жөтел мазалағанда терлейсіз. Алайда сіз ешқандай да инфекциялық аурумен ауырмасаңыз да терлейтін болсаңыз, онда бұл онкологиялық, неврологиялық аурулар немесе инсульт қаупі төніп тұрғанынан хабар беруі мүмкін.
Қандағы қанттың азаюы. Медицина тілінде бұл гипогликемия деп аталады. Ағзада қант өз мөлшерінен азайған кезде де адам терлей бастайды. Әсіресе инсулин қабылдайтындар мен диабет ауруының дәрісін үзбей ішетіндер түнімен терлеп шығады.
Қалқанша без қызметінің күшеюі. Қалқанша безде гормонның деңгейі көтерілсе, тершеңдік мазалайды. Бұл кезде дене қызуы көтеріліп, шілде тер болып терлеуіміз мүмкін.
Иммундық жүйе. Иммунитет төмендегенде де адам терлей бастайды. Егер түннің ортасында үсті-басыңыз малмандай су болып оянсаңыз, тез арада иммунитетті көтеруге әрекет етіңіз. Өзіңіз білетіндей, иммунитет әлсіреген кезде ағза ауруға қарсы күресу күшінен айырылады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!