Таңертең немесе кешке: қай кезде жүгірген пайдалы?

Таңертең немесе кешке: қай кезде жүгірген пайдалы?
Фото: pixabay.com

Жүгіру әлемінде адамдар екіге бөлінеді: таңертең ерте тұрып, күн шыққанға дейін далаға шығатындар және кешке жұмыстан соң жүгіргенді жөн көретіндер. Әрине, күндіз де жүгіретін адамдар бар. Бірақ көпшілік үшін жүгіру таңертең және кешке деп бөлінеді. Қайсысы жақсы? Таңертең және кешке жүгірудің артықшылықтары мен кемшіліктерін қарастырайық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Таңертең жүгіру: артықшылығы мен кемшілігі

Артықшылығы

Таңертең жүгірудің артықшылықтары көп. Бұл күнді бастаудың жақсы әдісі: күннің шыққанын көруге, көңіл күйді көтеруге және күні бойына сергектік сезімін сақтауға мүмкіндік береді. Күйзеліс гормоны кортизол таңертең жоғары деңгейде болады, сондықтан депрессия немесе мазасыздықпен күресіп жүрген адамдар таңертең өздерін өте нашар сезінеді. Жүгіру оған қарсы тұра алады және өзіңізді сергек сезінуге көмектеседі.

Сондай-ақ кешкі жоспары белгісіз адамдар үшін таңертең жүгірген ыңғайлы. Жұмыстан кеш шығып қалсаңыз да, кенеттен достарыңыз кездесуге шақырып қалса да, сіз таңертең жүгіріп тастаған боласыз. 

Оған қоса, таңертең дала тыныштау болады, жүгіретін көпшілік адам тыныштықты жақсы көреді. Таңғы ауадағы оттек тыныс алуды жеңілдетеді. Бұл әсіресе жазда жақсы. 

Кемшілігі

Таңертең денеңіздің қалай жұмыс істейтіні белгісіз. Таңертең жүгіру кезінде зақым алу қаупі жоғарырақ, себебі көп сағаттық түнгі ұйқы кезінде сіз қозғалыссыз жатасыз. Таңертең жүгіру кезінде зақым алмас үшін оған дейін жақсылап денені қыздырып алу және жаттығу жасау маңызды. Сондай-ақ жүгіруді жаймендеп бастау керек: дене жүктемеге біртіндеп үйренуі керек.

Кешке жүгіру: артықшылығы мен кемшілігі

Артықшылығы

Кешке жүгірудің бір артықшылығы - ұйқыдан ерте тұрудың қажеті жоқ. Сондай-ақ көптеген жүгіретін адамдар кешке жылдамырақ немесе ұзағырақ жүгіре алатындарын түсінеді. Оның себебі кешке дейін күні бойы бірнеше рет тамақтанасыз, сондықтан сізде энергия көбірек болады. Сондай-ақ күні бойы көп қозғалғандықтан, кешке денеңіз қызып тұрады. Бұл жүгіру кезінде зақым алу қаупін азайтады. Кешке жүгіру арқылы денедегі күні бойы жиналып қалған кернеуді шығарып, босаңсуға болады.

Кемшілігі

Өзіңізге кешке жүгіруге де таңертең жүгіруге секілді мотивация беру қиын. Адамдар әдетте кешке жұмыстан кейін өздерін шаршаңқы және әлсіз сезінеді. Сондай-ақ кешкі жүгіруді жіберіп алуыңыз әбден мүмкін, себебі күтпеген жоспарлар пайда болуы мүмкін. Оған қоса, кешкісін көшеде адам көп болады, ауа сапасы нашарлайды, жазда кешкісін де күн ыстық болады. Егер кешкісін жүгіретін босаңыз, осының бәріне дайын болуыңыз керек. Әдетте кешке жүгіргеннен кейін дене жаңа энергия көзін алады. Бұл ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін. Егер кешке жүгіру ұйқы сапасына жағымсыз әсер ете бастағанын байқасаңыз, жүгіруді таңертеңге ауыстырған жөн.

Қай кезде жүгірген жақсы?

Негізінде қай кезде жүгіретініңізді өзіңіздің хал-жағдайыңызға және кестеңізге қарай таңдаған дұрыс. Егер күніңізді жүгірумен бастау өзіңізді сергек және бақытты сезінуге және жүгіру жоспарын сақтауға көмектессе, таңертең жүгіріңіз. Бастысы, денені қыздыруды және 8 сағаттан кем емес ұйықтауды ұмытпаңыз.

Егер таңертең ерте тұрғанды жақсы көрмесеңіз, онда кешке жүгірген дұрыс. Бұл жағдайда адам көп емес жүгіретін жер табыңыз.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова