Алматыда сайлау күні ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкелері өтіп жатыр, - деп хабарлайды Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Алматыда мәслихат депутаттарын сайлау күні қала тұрғындары үшін түрлі мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылған. Сайлау учаскелерінде интерактивті алаңдармен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің, кітаптар мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкелері жұмыс істеп жатыр.
Таңғы сағат 09:00-де ашылған сауда алаңдары тұрғындарға дауыс берумен қатар күнделікті тұрмысқа қажет тауарларды сатып алуға мүмкіндік беріп отыр.
Жәрмеңкелердің ұйымдастырылуы қала тұрғындарына демалыс күнін отбасымен бірге мазмұнды өткізуге қолайлы жағдай жасайды. Алматылықтар сайлау учаскелеріне келіп, дауыс бергеннен кейін жергілікті өндірушілердің өнімдерімен танысып, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалай алады.
ӨКҚ мәліметінше, Әуезов ауданында №138, №197 және №157 сайлау учаскелерінің маңында арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Мұнда қолөнершілердің төл туындылары, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен түрлі бұйымдар көпшілік назарына ұсынылып отыр. Тұрғындар өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып алып қана қоймай, жергілікті шеберлердің шығармашылығымен де таныса алады.
Ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының көрмесі қазақ халқының дәстүрлі өнерін дәріптеуге, мәдени мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Мұндай алаңдар жергілікті қолөнершілер үшін де өз еңбегін көпшілікке таныстырып, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатудың тиімді жолы саналады.
Сондай-ақ, Алмалы, Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандарында да жәрмеңкелер жұмыс істеп жатыр. Онда тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдері мен жергілікті шеберлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар ұсынылған. Қала тұрғындары өздеріне қажетті азық-түлік пен тұрмыстық заттарды таңдап, жергілікті өндірушілердің өнімдерімен жақынырақ таныса алады.
Кітап жәрмеңкелері де сайлау күні ұйымдастырылған танымдық шаралардың бірі болды. Мұндай алаңдар тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.
Көптеген алматылық үшін сайлау учаскесіне бару отбасымен бірге өткізетін мазмұнды күннің бір бөлігіне айналды. Дауыс бергеннен кейін тұрғындар жәрмеңкелерді аралап, кәдесыйлар таңдап, қолөнер шеберлерінің еңбегімен таныса алады. Ал түрлі интерактив іс-шаралар сайлау учаскелеріндегі күннің мазмұнын аша түсті.
Мәслихат сайлауы
Еске салайық, бүгін Алматыда қалалық мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау өтіп жатыр. Мегаполисте 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 41-інде Алматыда тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген азаматтарға дауыс беруге мүмкіндік беретін бір күндік тіркеу қызметі қарастырылған.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Алматы әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz