Танымал актриса, тележүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімова кейінгі күндері болған жантүршігерлік жайттарға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол жауаптылар ел алдына шығып сөйлейтін кез келгенін айтқан.
"Сұмдық. Таңсәріден әлемжеліні аша қалсам, Сарыағаштағы 5 жасар қыздың зұлымның қолынан қаза тапқанын оқыдым. Жүрек қан жылап жатыр. 5 жастағы қызды зорлап өлтірген. Бұл не сұмдық? Заман ақыр келген бе? Адам деп айтуға аузым бармайды. Ол бұған дейін "кісі өлтіргені" үшін 10 жыл абақтыда болған екен. Осындай психологиялық ауытқуы бар адамды қанша жыл түрмеде отырса да қайта қоғамға қосуға қарсымын! Президент істің қалай болғанын анықтауға тапсырма берді. Қаскөй ұсталды, бірақ бүлдіршін зорланып өлді. Оның отбасына қалай көңіл айтпақпыз? Қалай жұбатпақпыз? Ойбайлап, мән-жайды білмек болып, ақпарат іздеп жатқанымда түске қарай Алматыда 7 жасар қызды "дәретін ұстай алмағаны үшін" өгей шешесі ұрып өлтірген. Таңда бір, түсте бір баланы өлтіріп тастайтын қандай елге айналдық? Елдегі балалар құқығы туралы қаудаланған сұрақтар көкейімді тесіп жүргелі біраз болған. Жауаптыларды сөйлететін уақыт келді!" - деп жазды ол.
Әлеуметтік желі қолданушылары да адамшошырлық жайттардан есеңгіреп қалғанын жазған.
"Ит баланы тістесе, итті атып тастайды. Ал балаларды зорлап өлтірсе оған үкімет қарамағына алып, тегін тамақ пен тегін төсек беріп 10 жыл бағады", "Мен бұл жаңалықты бүгін көріп, жүрегім қан жылап отыр. Қолым ештеңеге бармай қалғандай... ", "Менде қарсымын педофильдерді қайтып қоғамға қосылмауын", - деп жазған ол.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Кейін ол ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді.
Бас прокуратура мәліметінше, күдікті бұрын істі болған.
"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды.
2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!