Жаздың соңғы айы қазақстандықтар үшін маңызды оқиғаларға толы болмақ. Тамызда Құрылтай сайлауы өтіп, смартфон саудасына қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Бұдан бөлек, жол қозғалысы саласындағы өзгерістер қолданысқа еніп, мемлекеттік білім грантына ие болған талапкерлердің тізімі жарияланады. Осы және өзге де өзгерістер туралы толығырақ - Massaget.kz материалында.
23 тамызда жаңа бірпалаталы Парламент – Құрылтай сайлау өтеді.
Тиісті жарлыққа бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын.
Жаңа Конституция бірпалаталы Парламент – Құрылтайды қарастырады. Оның құрамына 145 депутат кіреді, олар 5 жылдық мерзімге сайланады. Сайланған депутаттар көпшілік дауыспен Құрылтай төрағасын және оның үш орынбасарын сайлайды.
Сондай-ақ, Құрылтай депутаттарының сайлауынан және оның құрамы жасақталғаннан кейін қазіргі үкімет өз өкілеттігін тоқтатады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі 10 тамызға дейін мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімін жариялайды.
Биыл конкурсқа 127 мыңға жуық өтініш түсті. Бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға 75 мыңнан аса грант бөлінді. Гранттардың басым бөлігі (60 пайызы) инженерлік мамандықтарға, тағы 20 пайызы педагогикалық бағыттарға бөлінді.
Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
Тамызда 2026-2027 оқу жылына колледждерге құжат қабылданып жатыр. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 140 мың орын бөлінді.
Мамандыққа байланысты құжаттар мына мерзімдерге дейін қабылданады:
Құжаттарды eGov порталы арқылы немесе тікелей колледжге электрон форматта тапсыруға болады.
Тамызда докторантураға түсушілер үшін өтініш қабылдау аяқталып, түсу емтихандары басталады.
3 тамызға дейін талапкерлер Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы түсу емтиханына қатысу үшін өтініш бере алады немесе оны түзете алады. Кейін өтініштерді қабылдау тоқтатылады.
4-20 тамыз аралығында докторантураға түсу емтихандары өтеді. Олардың өткізілу орны мен уақыты туралы ақпарат 9 тамызда жеке кабинетте жарияланады.
Биылдан бастап докторантураға түсу үшін ғылыми зерттеу жобасын (Research Proposal), зерттеу жүргізу жоспарын, эссе мен кейінгі үш жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімін (бар болса) ұсыну қажет.
25 тамыздан бастап "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа нормалар 65 жастан асқан жүргізушілерге, мүгедектігі бар жандарға және ЖҚЕ бұзушыларға қатысты болады.
65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс.
Тексеру нәтижелері туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесінен Ішкі істер министрлігіне автомат түрде түседі. Егер мемлекеттік жүйеде тексеруден өткені және көлік жүргізуге қарсы көрсетілімдердің жоғы туралы мәліметтер болмаса, көлік басқару құқығы тоқтатылуы мүмкін.
Сондай-ақ, 25 тамыздан бастап жүргізуші куәлігінен айырудың тағы бір негізі пайда болады. Егер мас күйінде көлік жүргізу туралы қылмыстық іс айыптау үкімінсіз жабылса (мысалы, тараптардың татуласуына, рақымшылыққа байланысты немесе заңда қарастырылған өзге де негіздер бойынша), жүргізуші бәрібір 8 жылға куәлігінен айырылады.
Егер азамат әлі жүргізуші куәлігін алмаған болса, ол осы мерзім ішінде оны рәсімдей алмайды.
Көлік басқару құқығын қайтару үшін сегіз жылдық мерзім аяқталғаннан кейін медициналық тексеруден өтіп, ЖҚЕ бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыру қажет болады.
Енді Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған кейбір жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберілуі мүмкін. Егер жүргізуші қаулы алғаннан кейін 2 ай ішінде дәлелді себепсіз емтиханға келмесе, ол жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
25 тамыздан бастап Алматыда жаңа ережелер күшіне енеді.
Енді электрсамокат мінгендерге тротуармен жүруге тыйым салынады. Тек веложолдармен немесе жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен жүруге рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, кикшеринг қызметтерін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар кәмелетке толған пайдаланушылар ғана қолдана алады.
Жаңа талаптардың сақталуын полиция мен самокаттарды жалға беру қызметтері техникалық шектеулер арқылы бақылайтын болады.
20 тамыздан бастап жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі.
Қылмыстық кодекстің 316-бабы "Жануарға қатыгездікпен қарау" бойынша ең жоғары айыппұл көлемі 120-дан 150 АЕК-ке дейін (2026 жылы 648 750 теңге) өседі. Түзеу жұмыстары да осындай мөлшерде тағайындалуы мүмкін. Қоғамдық жұмыстардың ең ұзақ мерзімі 120-дан 150 сағатқа дейін, ал қамаққа алу мерзімі 30-дан 40 тәулікке дейін артады.
Жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездік үшін айыппұл көлемі мен негізгі жаза мерзімдері өзгермейді. Алайда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мерзімі бір жылдан екі жылға дейін ұзартылады.
Егер қылмыс екі және одан да көп жануарға қатысты, адамдар тобымен, бірнеше рет, жас балалардың көзінше немесе көпшілік алдында, соның ішінде онлайн-платформаларды пайдалану арқылы жасалса, неғұрлым қатаң жаза қарастырылады:
Тамыздан бастап жұбайлары мен жақын туыстары комада жатқан 18 жастан асқан адамға мүгедектікті рәсімдеу үшін жүгіне алады. Бұл үшін бұдан былай науқастың келісімі талап етілмейді. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге жұбайының немесе жақын туысының өтініші қажет.
Мұндай жағдайларда мүгедектік бір жылға дейінгі мерзімге белгіленеді. Егер адамның жағдайы ертерек жақсарса, ол қайта куәландыруға жіберілуі мүмкін.
9 тамыздан бастап Қазақстанда кедендік тексеру ережелері өзгереді. Қаржы министрлігі куәгерлердің қатысу және тексерілетін тұлғалардың қарсылықтарын қарау тәртібін нақтылады.
Енді тек мүдделі емес, кәмелетке толған және іс-әрекетке қабілетті Қазақстан азаматтары куәгер бола алады. Мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ, тексерілетін компанияның қызметкерлері мен құрылтайшылары бұл рөлді атқара алмайды. Көшпелі кедендік тексерулер кезінде кемінде екі куәгер болуға тиіс.
Бұдан бөлек, мемлекеттік кірістер органдары тексерілетіндерге жазбаша қарсылықтарды қараудың тоқтатыла тұруы және қайта басталуы туралы хабарлауға міндетті болады. Мұны тапсырыс хат арқылы немесе электрон үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы жасауға болады.
25 тамыздан бастап алимент төлеу тәртібі өзгереді. Енді қаражат тек алимент аудару үшін ашылған арнайы банк шоттарға жіберіледі. Мұндай шотты алимент алушы ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына хабарлауға тиіс.
Басты жаңалық – арнайы шоттағы ақшаға басқа міндеттемелер бойынша тыйым салуға болмайды. Бұл алименттің тек баланы немесе еңбекке жарамсыз адамды асырап-бағуға жұмсалуына кепілдік береді.
Алушы арнайы шот ашпаса да, төлеуші алимент төлеуге міндетті болып қала береді.
1 тамыздан бастап Қазақстанда отбасыларға балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмек көрсету бойынша жыл сайынғы науқан басталады. "Жалпыға міндетті білім беру" қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы 450 мыңға жуық оқушы қолдау алады.
Мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алуға жергілікті бюджеттерден шамамен 23 миллиард теңге қарастырылған. Науқан 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Биыл көмектің ең төменгі мөлшері - бір балаға 50 851 теңге. Бұл былтырмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Бұл ретте жекелеген өңірлерде төлем сомасы жоғары болуы мүмкін – бәрі жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты.
Көмек мына санаттарға қарастырылған:
Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер бала оқитын білім беру ұйымына жүгініп, қажет құжаттарды өткізуге тиіс.
1 тамыздан бастап Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінде кеңейтілген тарифтер жүйесі енгізіледі.
Бір реттік жол жүру құны өзгеріссіз қалады – 200 теңге.
Сондай-ақ, жол жүру тарифтері:
Бұдан бөлек, белгіленген сапар саны бар тарифтер қолданысқа енеді:
Тарифтерді ЛРТ станцияларындағы кассалардан сатып алуға болады. Олар Tarlan Astana көлік карталарына жүктеледі. Әзірге жаңа тарифтер тек жеңіл рельсті көлік желісінде қолданылады, алайда алдағы уақытта оларды қалалық автобустармен интеграциялау жоспарланып жатыр.
1 тамыздан бастап Астана халықаралық әуежайы автомобильдердің аз уақытқа арналған тұрағының құнын көтереді.
Енді тұрақтың бір сағаты бұрынғы 200 теңгенің орнына 300 теңге болады. Сонымен қатар, әуежай көліктерді ұзақ уақыт сақтауға арналған қосымша тұрақ аймақтарын дайындап жатыр, онда тариф сағатына 100 теңге болмақ.
Бұл ретте 100 орындық тегін тұрақ жұмысын жалғастырады. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер сақталады.
20 тамыздан бастап смартфондарды сату кезіндегі жаңа талаптар күшіне енеді.
Енді сатушы сатып алу алдында құрылғыны тексеру үшін сатып алушыға оның IMEI-кодын көрсетуге міндетті. Бұдан бөлек, сатушылар смартфонның міндетті верификациядан өткеніне, бұғатталмағанына және ешқандай шектеулері жоғына көз жеткізуге тиіс.
Бұл талаптар кәдімгі дүкендерге де, маркетплейстерге де қатысты болады.
Егер сатып алғаннан кейін смартфонның міндетті верификациядан өтпегені анықталса, ол тиісті сапасы жоқ тауар деп танылады. Бұл жағдайда сатып алушы құрылғыны ауыстыруды, ақшаны қайтаруды, кемшіліктерді тегін жоюды, тауардың бағасын түсіруді немесе жөндеу шығындарын өтеуді талап ете алады.
IMEI-кодты телефонда *#06# пәрменін теру арқылы білуге болады. Сондай-ақ, код мына жерлерде көрсетіледі:
Егер смартфон екі SIM-картаны немесе eSIM-ді қолдайтын болса, оның бірнеше IMEI коды болуы мүмкін. Олардың әрқайсысын тексеру қажет.
Құрылғының мәртебесін eGov Mobile, gov.kz порталы және Мемлекеттік радиожиілік қызметі жетекшілік ететін imei.rfs.gov.kz сервисі арқылы тексеруге болады. Жүйе кодтың тіркелген-тіркелмегенін және құрылғыны Қазақстанда пайдалануға рұқсат етілген-етілмегенін көрсетеді.
Тамызда Қазақстанның үздік теннисшісі әрі әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина жарыстарға қайта оралады.
Қазақстандық спортшы маусымды Торонтода өтетін WTA 1000 санатындағы турнирде жалғастырады, ол 2 тамыз басталады. Кейін ол 13 тамызда басталатын Цинциннатидегі "мыңдық" турнирде өнер көрсетеді.
Жазғы серия Нью-Йоркте 30 тамыз басталатын АҚШ ашық чемпионатымен (US Open) аяқталады. Маусымның қорытынды "Үлкен дулыға" турнирінде Рыбакина тағы да чемпиондық атақ үшін бақ сынайды.
2026 жылы тамыздағы өндірістік күнтізбе өзгеріп, қазақстандықтарда қосымша мерекелік демалыс болмайды. Бұл Конституция күнінің 30 тамыздан 15 наурызға ауысуына байланысты.
Аптасына бес күн жұмыс істейтіндер тамызда 21 жұмыс күн жұмыс істеп, 10 күн демалады, ал алты күн жұмыс істейтіндер 26 күн жұмыс істеп, 5 күн демалады.
Тамызһда Қазақстанда бірнеше кәсіби және атаулы күндер:
Бұл күндер ресми демалыс болып саналмаса да, елімізде осы даталарға орай дәстүрлі түрде іс-шаралар, концерттер, көрмелер мен салтанатты жиындар өткізіледі.
14 тамызда Алматының Орталық стадионында Ye есімімен де танымал америкалық рэпер Канье Уэстің концерті өтеді.
Концерт әртістің әлемдік туры аясында ұйымдастырылады. 2026 жылы Ye Мексикада өнер көрсетіп, Еуропа мен Азиядағы стадиондық шоулар сериясын жариялаған болатын.
Концерттің анонсы ұйымдастырушылар мен Орталық стадионда өз матчтерін өткізетін "Қайрат" футбол клубы арасында дау тудырды. Клуб өкілдері Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне сәйкес, "Қайрат" 8 және 15 тамызда өз алаңында чемпионат ойындарын өткізуге тиіс екенін, сондай-ақ, 11-13 тамыз аралығында еурокубоктардың үшінші іріктеу кезеңінің матчі өтуі мүмкін екенін ескертті.
Нәтижесінде еурокубоктардың үшінші іріктеу кезеңінің ықтимал матчі Түркістанға ауыстырылды, ал концерт бұрын жарияланған күні өтетін болды.
Бұл Канье Уэстің Алматыдағы алғашқы ауқымды концерті болмақ.
"Қазгидромет" болжамына сәйкес, тамыздың алғашқы үш күнінде Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық сақталады. Елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, шығысында және орталығында температура 35-40 градусқа дейін көтеріледі.
Тамыздың басындағы аптап ыстыққа қарамастан, бірқатар өңірлерде температура біртіндеп төмендей бастайды. Қазақстанның солтүстігінде термометр бағаны 25-35 градустан 20-28 градусқа дейін төмендеп, бірінші онкүндіктің аяғына қарай қайтадан 30-38 градусқа дейін көтеріледі. Оңтүстікте ыстық 39-44 градустан 29-36 градусқа дейін бәсеңдейді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!