Тамыздағы ҰБТ-ға өтініш қабылдау қашан басталады?

25 шілдеде тамыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) өтініш қабылдау басталып, ол 5 тамызға дейін жалғасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Тест 10-15 тамыз аралығында өтеді.

Тамыздағы ҰБТ жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін тестті қайта тапсыруға ниетті талапкерлерге арналған. Алдыңғы ҰБТ-ларда шекті балл жинай алмаған талапкерлерге тесттен қайта өтуге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, алдыңғы ҰБТ-ларға қатысқан талапкерлер тамыз ҰБТ-сына өтініш беру кезінде бейінді пәндерді өзгерте алады.

Өтініш беру барысында талапкерлер ҰБТ өтетін жерді, күнді және уақытты өздері таңдайды.

Тамыздағы ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар, шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлау бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ, алдыңғы оқу жылында шекті балл жинамаған және ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған тұлғалар қатыса алады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз