Тамара Дүйсенова Қазақстан Президенттің көмекшісі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Тамара Босымбекқызы Дүйсенова Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
2023 жылдың 2 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тамара Дүйсенованы премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындады.
Саяси қызметі
Тамара Дүйсенова – Ташкент халық шаруашылығы институтының түлегі. Еңбек жолын 1988 жылы Сарыағаштағы орта мектепте мұғалім болып бастады. 1988-1992 жылдары Өзбек КСР-інің Мемжоспары жанындағы Экономика ғылыми-зерттеу институтында экономист болып жұмыс істеді.
1992 жылдан бастап Сарыағаш ауданы әкімдігінде әртүрлі қызметтер атқарды. 1997 жылы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болды. 1999-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды (сол кезде өңірді Бердібек Сапарбаев басқарған). 2002 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды. 2006 жылы қайтадан Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне кірісті.
2008-2013 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды. 2013 жылы министр лауазымына тағайындалды. 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Тамара, айтшы, бұл жұмыстан шаршадың ба?" деген сөзінен кейін қызметінен кетіп, кейін "Нұр Отан" партиясының хатшысы болып жұмыс істеді.
2019 жылы Тамара Дүйсенова ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Ал 2020 жылы Президенттің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2022 жылдың 11 сәуірінде қайтадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. 2023 жылдың 8 маусымынан бастап ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет