Танымал әнші Тамара Асар былтыр қызды болып, биыл оның 1 жасқа толуына орай дүркіретіп той жасаған еді. Бұл қуанышты әнші "Ажарлы той" деп атаған. Сондай-ақ, тойда қазақтың ұмыт болған ерекше салт-дәстүрлері орындалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің айтуынша, бұл дәстүр Адай руында сақталған екен.
"Ажардың бұйра қарыншашы, "биссіммілләхи" деп бүгін толықтай алынды. Ажар өмірге келгенде папасы "барлығын өз тәртібіңмен жаса" деді. Сондықтан бәрін анамның айтуымен жасадым. Адай руында баланың шашын 1 жасқа келгенде, нағашысы алады. Оған мал сойылып, арнайы "шаш алу" тойы жасалады. Бірнеше тойдың басы қосылған "Ажарлы тойда" нағашысы, менің туған ағам шашын бастап ырымдап алды", - деп жазған ол.
Сондай-ақ, шаш алу дәстүрінің өз реті, тәртібі болады екен.
"Шаш алудың өз тәртібі бар, алынған шашты дәулетті адамға жинатады. "Шаштай болсын дәулетің" деп ырымдаған. Той кезінде көкесі "Алла маңдайынан берсін, маңдайлы бол" деп маңдай шашын, "оңынан берсін" деп оң жағын, "солынан берсін" деп сол жағын, "желкең тартпасын, еріншек болма" деп желкесінен қайшылап қана ырымдап алды. Ал бүгін папасы түгел шашын алып тастады, мамасы жинап отырды", - деп жазған әнші Желіде.
Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар үш жыл бұрын тұрмысқа шыққан болатын. Әншінің жұбайының есімі - Жұмаш, кәсіпкер. Әртіс былтыр күзде қызды болған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!