Тамара Асар аяғындағы протезді жасыру үшін қандай киім киетінін көрсетті

Тамара Асар аяғындағы протезді жасыру үшін қандай киім киетінін көрсетті
Фото: Qazaqstan TV YouTube арнасындағы видеодан скриншот

Танымал қазақстандық әнші Тамара Асар сахнада неге үнемі ұзын көйлек, белдемше киетінін айтып, қиын күндерінің куәсі болған қызыл белдемшенің тарихын баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнші бұл туралы "Әйел әлемі" телебағдарламасында айтып берді. 

Тамара Асардың сахнаға киетін әр сәукелесінің салмағы үш келіден асады екен.  Әншінің бағдарлама атымен сәйкес келетін "Әйел әлемі" деп аталатын бас киімі де бар.

"Мынаны "Әйел әлемі" деп атадым. Жақындап қарасаңыз, әйелдің бейнесі суреттелгенін байқауға болады. Әйелдің көйлегінің етегі осылай жерге табан тіреп, нық тұруы керек. Жанында қорғаны болуы керек деп шетін осылай көмкердім. Осы бас киімді өзімше осылай ырымдап сахнаға алып шыққанмын", - деді әнші. 

Тамара Асар үшін әннің табиғаты, аранжировкасы және сахналық образы тұтас бір дүние. Сұқбатта бұларды бір-бірінен бөліп қарай алмайтынын айтты. Әнші өзі үшін аса құнды қызыл белдемше туралы да сөз қозғады. 

"Мына қызыл белдемше мен үшін өте ерекше. Ұзақ уақыт қиындықтан кейін алғаш рет сахнаға шыққанда осы қызыл белдемшені киіп шыққанмын. Әлі есімде, бірінші рет аяғымдағы протезбен сахнаға шыққан едім. Ол кезде протезім өте қалың, ауыр еді. Екі аяғым екітүрлі боп тұратын. Кеңес Одағының кезінде протез тері мен ағаштан жасалатын ғой, содан салмағы ауыр болатын. Соны көрсетпеу үшін осындай ұзын қызыл белдемше киіп сахнаға шықтым", - деген Тамара Асар сол қызым белдемшені әлі күнге дейін сақтап жүргенін айтып, қиын күндерін есіне алды. 

Айта кетейік, отандық танымал әнші Тамара Асар бұған дейін де басынан өткен ауыр кезеңді есіне алып, ауыр дертімен күресте анасының асқан қайсарлығы көмектескенін баяндап берген еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева