- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тамақтану орындарындағы депозит...
Тамақтану орындарындағы депозит жүйесі тұтынушының құқығын бұзатынын білесіз бе?
Қазақстанның мейрамхана, караоке секілді тамақтану мекемелерінің көпшілігінде депозит жүйесі бар. Депозит - бұл мекеме әкімшілігі белгілеген, тұтынушы барған кезде төлеуге міндетті жарна, басқаша айтқанда, төлем әдісі. Тұтынушы депозит мөлшеріне тең немесе қымбатырақ тапсырыс бере алады. Бірақ қонақ депозит мөлшерінен аз тапсырыс берген жағдайда, мекеме қалған қаражатты қайтармайды. Мұндай төлем әдісі қаншалықты заңды? "Право знать" Telegram-арнасы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Арна авторы Надежда Гельдттің мәліметінше, бұл төлем әдісі заңсыз. Өйткені, ҚР "тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңының 28-бабына сәйкес сатушы тұтынушыға сатушының жұмыс режимін ескеріп, тұтынушыға қолайлы уақытта тиісті сападағы тауарды еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны тауарды қажетсіз мөлшерде және (немесе) ассортиментте сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынған.
Ал депозиттік жүйе тұтынушыны сатушыға қажетті сомаға тапсырыс беруге мәжбүр ету арқылы бұл заңға қарама-қайшы әрекет етеді. Мысалы депозит мөлшері 20 000тг. Бұл сатушы сатып алушыдан алғысы келетін сома, алайда жоғарыда аталған Заңның 12-бабына сәйкес тұтынушының тауарды (жұмысты, қызметті) кез-келген бағада еркін таңдауға құқығы бар.
Қорытындылай келе, заң бойынша депозит жүйесі тұтынушылардың құқығын бұзады. Сондықтан сіз депозитті төлеуден бас тартуға құқылысыз, бірақ бұл жағдайда мекеме әкімшілігі сізге қызмет көрсетуден бас тартып, мейрамханаға кіргізбеуі мүмкін. Әкімшілік сізге қызмет көрсетуден бас тартуға құқылы ма?
Заңгер сұраққа жауап беріп, әкімшіліктің мұндай әрекеті заңсыз екенін айтты.
Елімізде ҚР Азаматтық кодексінің 387-бабы бойынша "жария шарт" ұғымы бар. Бұл шарт сатушы мен тұтынушының арасында жасалады, заңға сәйкес сатушы өз кезегінде оған жүгінген әрбір адамға қатысты қызметтерді (бөлшек сауда, қоғамдық көлік, байланыс қызметтері, энергиямен жабдықтау, медициналық, қонақ үй қызметтері және т.б.) жүзеге асыруға міндетті. Яғни, сатушы тауарды әр сатып алушыға сатуға, ал мекеме әкімшілігі әр қонаққа қызмет көрсетуге міндетті. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаның, ҚР заңнамалық актілерінде көзделген жағдайлардан басқа, жария шарт жасасуға байланысты сатушы бір тұлғаға басқалардың алдында артықшылық көрсетуіне болмайды.
Сатушының немесе мекеме әкімшілігінің тұтынушыға мүмкіндігі бола тұра қызмет көрсетуден бас тартуына жол берілмейді. Сонда да заңға бағынбай, қызмет көрсетуден бас тартқан мекеме иесі мен қызметкерлеріне арыз жазуға болады.
Ең алдымен, қызмет көрсетуден бас тарту дерегін анықтау керек. Заңнамаға сәйкес қонақ фото және видео түсірілім жасай алады. Содан кейін тұтынушы мекеме әкімшілігі құқығымды бұзды деп сотқа дейінгі шағымды мекемеге жіберіп, моральдық залалды төлеуін сұрай алады. Бас тартқан жағдайда - сотқа береді. Алайда сотқа жүгінбес бұрын дауды шешу үшін уәкілетті органдарға және медиаторларға жүгіну керек, содан кейін ғана сотқа баруға болады.
Еске салайық, бұған дейін адвокат мектеп әкімшілігі оқушылардың телефонын алып қоюы қаншалықты заңды екеніне жауап берген еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Күзде бет терісін қалай күту керек?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә