Қарыздан жылдам құтылу үшін және ақша жинау үшін бюджетке анализ жасап жүру маңызды. Ол үшін үнемі шығындарды жазып жүру керек. Егер бұрыннан кірісіңіз бен шығыныңызға анализ жасап жүрген болсаңыз, шығынның көп бөлігі тамаққа кететінін байқаған боларсыз. Ағзаға зиян келмейтіндей етіп тамаққа кететін шығынды қалай азайтуға болады?
Сәбіз, орамжапырақ және қызылша сатып алу
Супермаркеттердегі ең арзан көкөністердің бірі – сәбіз, орамжапырақ және қызылша. Олар арзан болғанымен, өте пайдалы көкөністер. Оған қоса, олардан көптеген тамақ пісіруге болады. Бұл көкөністерден пайдалы салат жасауға, оларды қуыруға, бұқтыруға болады. Егер сізге бұл көкөністермен дайындалатын тамақтар ұнамаса, оларға деген көзқарасыңызды өзгертуге тырысыңыз. Әртүрлі рецептпен дайындаңыз және түрлі дәмдеуіштер қолданып көріңіз. Кей үйлесімдер сіздің көңіліңізден шығуы мүмкін.
Дүкенге аш қарынмен бармау
Егер дүкенге аш болып кірсеңіз, қажет емес және зиянды өнімдерді алып қоюыңыз әбден мүмкін. Сондықтан дүкенге шығарда бірдеңе жеп шығыңыз, сол кезде кәрзеңкеге тек ең қажетті өнімдерді саласыз және пайдалы азық-түлікке аса мән бересіз.
Тұтас өнім алу
Көпшілік тұтас өнімнің маңыздылығын бағаламайды. Мысалы, тұтас тауық сатып алыңыз. Оның бірнеше бөлігінен әртүрлі тамақ пісіруге болады немесе қалған бөліктерін қатырып, келесіге алып қоюға болады. Сондай-ақ әдетте тұтас өнімдердің бағасы арзанырақ болады.
Жиі сорпа дайындау
Сорпа – бюджетті және дәмді тамақтың бірі. Оған қоса, сорпа адам ағзасы үшін өте пайдалы. Одан қажетті энергия мен дәрумендер аласыз. Сорпа – әмбебап тағам.
Сүйек сорпасы қандай ауруға ем? Нутрициолог пайдалы сорпаны қалай дайындау керегін айтты.
Бөтелкедегі судан бас тарту
Әрдайым бөтелкедегі суды сатып алғаннан гөрі суға сүзгі орнатып қойған дұрыс. Оны қондыру қымбат, бірақ ол әркез су сатып ала бергеннен тиімді шығады. Сондай-ақ күнде бос пластик бөтелкені қоқысқа тастай бергеннен гөрі сүзгі қолдану - экологиялық әдіс.
Алайда бюджетіңізді есептеген кезде өзіңізге тәттілер алып тұруға қаражат бөліп қойыңыз. Себебі әр адам өзін сүйікті тағамымен еркелеткісі келеді. Сізге қуаныш сыйлайтын нәрседен толықтай бас тартудың қажеті жоқ. Бастысы, оған қанша бөле алатыныңызды ойластырып, оны сақтауға тырысыңыз.