Барлық қызметкерде бірдей күнде түскі асты кафеден немесе үйінен ішуге мүмкіндік болмайды. Сондықтан үйден тамақ дайындап әкелу – тиімді және денсаулыққа пайдалырақ. Алайда көпшілік жұмыста тамақты контейнерімен бірге микротолқынды пеште ысыта салады. Мұндай ыдыста тамақты қыздыру зиян. Бұл жайлы "Газета.Ru"-ге эндокринолог Анастасия Гальянова айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман микротолқынды пешке тамақ қыздыруға әйнек немесе қыш ыдыстарды пайдалануға кеңес берді.
"Микротолқынды пеште тамақты қыздыру кезінде ыдыс түріне қарай зиянды заттар бөлінуі мүмкін. Мысалы, микротолқынды пешке пластиктен жасалған бірреттік ыдыстарды және псластикалық контейнерлерді салмаған дұрыс. Ең зиянды қосылыстардың бірі – ДНҚ-ның зақымдалуына және түрлі мутацияның пайда болуына әкелетін бензол. Микротолқынды пеште тамақ пісіру немесе қыздыру үшін әйнек немесе қыш ыдыс пайдаланған дұрыс", - дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, егер сәйкес белгісі (үшбұрыш ішіндегі бес саны немесе микротолқынды пеш белгісі) болса, микротолқынды пешке пайдалануға тағамдық пластик келеді.
"Тамақты қыздыру уақытын бір минутқа дейін шектеу қажет. Микротолқынды пеште ұзақ қыздыру немесе пісіру кезінде нутриенттер (тағам құрамындағы құнарлы заттар) мөлшері шамамен 40%-ға дейін төмендейді. Егер мүмкіндік болса, қыздырудың басқа тәсілін, мысалы, плита немесе пешті пайдаланған жөн", - дейді Анастасия Гальянова.
Оқи отырыңыз: Микротолқынды пешке қыздыруға болмайтын 5 өнім