Облыстық Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев аймақтағы кәсіпорындардың жарты жылда қанша тонна зиян заттар бөлетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, "Қазцинк" ЖШС көш бастап тұр. Данияр Әлиевтің сөзінше, алты айда бөлінген зиян заттар 13 мың тоннадан асқан. Өскемен жылу электр орталығы 8 мың тоннаға жуық бөледі. Жарты жыл ішінде 3,5 мың тоннадан аса зиянды қалдық шығаратын "Бұқтырма цемент компаниясы" ЖШС үшінші орында тұр.
"Бұдан бөлек, "Риддер ЖЭО» АҚ мен «Согра ЖЭО» ЖШС шамамамен екі тонна ластайтын заттар бөледі. Экологияның бұзылуына себепші болған кәсіпорындар ауаның одан әрі ластануын болдырмас үшін тиісті жұмыстар атқарып жатыр", - деді департамент басшысы.
Өскемен тұрғындарының айтуынша, кейінгі уақытта қолайсыз метеорологиялық жағдайлар жиі тіркеліп жатыр.
"Қала ішінде еркін тыныстап жүру мүмкін емес. Сәл жүрсек тамағымыз қарылып, жөтеле бастаймыз. Бізді улап жатқан кәсіпорындар ма сонда? Бұл өзі шешілмейтін мәселе болды ғой", - деді Аяжан Ғазезова есімді тұрғын.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!