Алматы жұртшылығы академик Айсұлтан Қалыбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Көрнекті қазақстандық ғалым-физик 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Айсұлтан Қалыбаевтың есімі елдің ғарыш саласындағы елеулі жетістіктерімен тығыз байланысты. Ол 90-жылдардың ортасында Ұлттық аэроғарыш агенттігін басқарып, Талғат Мұсабаевтың "Мир" орбита станциясына жасаған екі сапарының бағдарламасын үйлестірген.
Айсұлтан Әбділлаұлы - жүзден аса ғылыми еңбектің және 30 авторлық куәлік, патенттің авторы. Академикпен қоштасуға жақындары, достары және ғалыммен бірге қызмет атқарған жандар жиналған.
Ол аспан механикасы мен ғарыштық ұшу динамикасын зерттеді. Айсұлтан Қалыбаев - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті физика факультетінің түлегі. Алғашқы диссертациясын 1979 жылы қорғап, оны Жер полюстерінің қозғалысына арнады. 80-жылдары зымыран қозғалтқыштарының, реактив және өзге де қондырғылардың тиімділігін арттыруға бағытталған күрделі ғылыми мәселелерді шешумен айналысты.
Айсұлтан Қалыбаевтың ғылымға қосқан үлесін әлемнің түкпір-түкпіріндегі әріптестері жоғары бағалаған. Ол халықаралық инженерлік академияның, Франция ғарыш ғылымдары академиясының, Циолковский атындағы Ресей ғарыш академиясының академигі атанды. Әлемнің ірі университеттерінің құрметті профессоры болды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!