Талғарлықтар 16 жастағы Шерзат қаза тапқан жерге гүл шоқтарын қоя бастады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға басталған дүкеннің маңында Шерзаттың суреті қойылған. Дүкеннің өзі әзірге жабық.
Айта кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған.
Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жігіт дүкенге келіп, сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.
Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Қаза тапқан жігіттің ата-анасы полицейлер оқиғаға қатысты адамның бәрін ұстамағанын айтып, дабыл қаққан.
Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық прокуратура өкілдері бұл оқиға жіті бақылауда екенін хабарлады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!