Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров Талғардағы жаппай төбелеске қатысты сұрақтарға жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шалқаровтың сөзінше, төбелес арасында жүрген екі қыз қорғауға құқығы бар куәгер ретінде танылған.
"Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Соның шешімін күтеміз", – дейді Серік Шалқаров.
Ол Шерзаттың соққыға жығылып жатқаны көрсетілген видео зерттеліп жатқанын жеткізді.
"Арнайы топ құрылып, олардың әрқайсының істеген әрекетіне заңды шешім беріліп жатыр. Себебі видеода артынан кім екенін тани алмайсыз. Сондықтан әрқайсы тергеуден өтеді. Ол үшін біраз уақыт кетеді. Қазіргі таңда жұмыстың жартысынан көбін бітірдік. Ал бейне камераларға түсіп қалған сәттер өшірілді деген жалған ақпарат. Тергеушілер видеоларды ресми алып, зерттеп жатыр", – дейді Серік Шалқаров.
Сонымен қатар Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
"Қазіргі таңда үш пышақ тәркіленді. Оның екеуі асүй пышағы. Сондай-ақ бір мылтық бар. Қару ешқайда тіркелмеген. Департамент оны сараптамадан өткізіп жатыр", – дейді Серік Шалқаров.
Айта кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған.
Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жігіт дүкенге келіп, сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.
Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Қаза тапқан жігіттің ата-анасы полицейлер оқиғаға қатысты адамның бәрін ұстамағанын айтып, дабыл қаққан.
Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық прокуратура өкілдері бұл оқиға жіті бақылауда екенін хабарлады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!