️Талғарда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы облысының Талғар ауданында бүгіннен бастап табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Қауіпсіздік мақсатында Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің аумағына баруға шектеу қойылды. Табиғаттың тосын мінезінен алматылықтар да әбігерге түсіп отыр. Мәселен, кешеден бері толассыз жауған жауыннан Көкқайнар ықшам ауданы тұрғындарынан маза қашқан. Себебі жер үйлердің маңынан өтетін шағын өзен арнасынан асып, баспаналардың ішіне дейін кіріп кеткен.
Көкқайнарлықтардың айтуынша, мәселені аудан, қала әкімі, тіпті Мәжіліс депутаттары да біледі. Алайда екі жылдан асса да ешкім мәселені шешуге асығар емес. Соның кесірінен, тұрғындар үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуден қорқып қалған.
"Негізі 16 сәуірде су алды бұл үйді. Кептіре салып үйге ремонт жасай бастағанбыз. Мамырдың 16-сы күні үйді қайтадан су алды. Сонымен тоқтатып қойдық. Қалай жауын болады мына жердің барлығы үйдің анау терезенің астына дейін су лық толады. ТЖМ ойбайлап жатасың 1-1,5 сағат дегенде бір екі машина бөледі. Олар өзеннің жанындағы үйлерді тарта бастайды. Мына жерге келмейді", - деді Көкқайнар ықшам ауданының тұрғыны Райхан Сарыбаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!