Талғарда жекеменшік балабақшаның Хэллоуин мерекесін тойлауы ата-ана наразылығын туғызды

Талғарлық ата-ана балабақшада Хэллоуин мерекесін атап өтуге наразылық білдірді. Оның пікірінше, бұл мереке балалардың тәрбиесіне кері әсер етеді. Мәселеге орай балабақша өкілдері мұны "тек қызықты костюм кеші" деп түсіндіреді. Істің мән-жайын Massaget.kz тілшісі баяндасын.

"Бұл бүлдіршіндердің санасын улау"

Талғар ауданындағы жекеменшік балабақшада ата-ана Хэллоуин мерекесіне қатысты өткізілуі тиіс шараға қарсылық білдіріп, әлеуметтік желіде наразылығын жария етті. Жазбаға сәйкес, ол өз баласын қоғамға бейімдеп, білім беретін орта ретінде балабақшаға апарғанын, алайда Хэллоуин сияқты батыстық мерекелерді өткізу баланың санасын улау екенін айтады.

"Талғардағы жеке балабақшада Хеллоуин мерекесін атап өтпек. Тәрбиешіге, меңгерушіге, директорға хабарласып, қарсылық білдіріп едім, өздерінікін дұрыс деп маңайлататын емес. Тіпті Талғардағы басқа жекеменшік балабақшаға хабарлассам, тәрбие жоспарларында мұндай шара жоқ екен. Сонда бүлдіршіндердің санасын улап, біреудің қаңсығын таңсық қылудағы мақсат не?," - дейді ата-ана.

"Бұл жай ғана балалардың уақытын қызық өткізу"

Бұл жайтқа байланысты балабақша меңгерушісі де өз пікірін білдірді. Ол шараның тек костюм киіп, пицца жасау - мастер-класынан тұратынын және ешқандай идеологиялық мақсатты көздемейтінін түсіндірді. Ол бұл мерекені ұйымдастырудағы басты мақсат - балаларға көңіл көтеретін сәттер сыйлау екенін айтты.

"Бір күндік мерекені осындай үлкен дауға айналдыруды орынсыз деп санаймын. Бұл кәдімгі костюмдік мереке. Біз заңмен белгіленген барлық стандарттарды ұстанамыз! Мұнда ешкім құлшылық жасамайды, тек киініп, пиццадан мастер-класс жасайды! Бұл жай ғана балалардың уақытын қызық өткізу", - деді балабақша меңгерушісі.

"Ата-анаға атауы ұнамаған болса, оны өзгерту мәселе тудырмайды"

Талғар аудандық білім бөлімі бұл мәселе бойынша ресми мәлімдеме жасап, оқу-тәрбие жоспарында Хэллоуин мерекесінің жоқ екенін, бұл жекеменшік балабақшаның өз бастамасы екенін атап өтті.

"Оқу-тәрбие жоспарында Хэллоуин мерекесі әлбетте жоқ! Бұл жекеменшік балабақша мәселесіне келетін болсақ, тәрбиеші дәл осы мерекені сол батыс идеологиясымен өткізуді көздемеген! Оқушылар үшін шығармашылық, костюмдік кеш ұйымдастыруды жоспарлаған. Ал бұл күздің соңғы айлары болған соң бәріне белгілі, үлкен белең алып жатқан Хэллоуин патиге ұқсастырды. Ата-ананың уайымы орынды, алайда бұл іс-шара ешқандай батыс идеологиясын насихаттамайды. Тек бүлдіршіндерге жақсы көңіл күй сыйлау. Егер ата-анаға атауы ұнамаған болса, оны өзгерту мәселе тудырмайды," - делінген хабарламада.

"Балаларымызға ұлттық кодымыз бен дәстүрімізге сай келетін құндылықтарды сіңіруіміз керек"

Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ерлан Сайыров белгілі бір шектеулер қойылуы қажет екенін атап өтті.

"Қазіргі жаһандану заманында ақпарат көздері шексіз қолжетімді болып отыр. Жаһанданудың кері әсері де бар. Ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін әртүрлі мәдени тенденциялар Қазақстанға еркін еніп жатыр. Соның бірі - Хэллоуин. Бұл тұрғыда мемлекеттік балабақшалар мен мектептерде белгілі бір шектеулер қойылуы қажет деп санаймын. Сонымен қатар жекеменшік балабақшалар да мемлекеттік стандарттарға бағынуы тиіс. Сондықтан бұл мәселеде ортақ принцип қалыптастыру қажет. Яғни балаларымызға ұлттық кодымыз бен дәстүрімізге сай келетін құндылықтарды сіңіруіміз керек", - деді Ерлан Сайыров.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз