Талғарда жасөспірімге бір топ иттің шабуылы видеоға түсіп қалған

Алматы облысы Талғар қаласында бір топ қаңғыбас ит жасөспірімге шабуыл жасады. Оқиғаны көпқабатты тұрғын үйден қала тұрғыны түсіріп алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бейнежазбада жасөспірімнің балалар ойын алаңына қарай беттеп келе жатқанын көруге болады. Кенет аулада жүрген 15-ке тарта ит сөмке асынған жасөспірімге бас салады. Алғашында иттерге қарсылық танытқан оқушы, артынша қаша жөнеледі. 

 Ол жеңіл көлікке секіруге мәжбүр болды. Осыдан кейін иттер жөніне кетеді.


Аудан әкімдігі бейнежазба Талғардағы "ипотечки" ауданында түсірілгенін растады.

"Біз қараусыз қалған жануарларды аулау бойынша іс-шаралар өткіземіз. Бригада оқиға болған жерге барды", - деп хабарлады Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ал Талғар ауданының ветеринариялық станциясы "Алматы облысының ветеринария басқармасының" тапсырмасымен шара қолданғандарын айтты.

"Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бригадасы Талғар қаласында аулау жұмыстарын жүргізді. Профилактикалық жұмыс барысында осы жерде 5 ит ұсталып, ветеринарлық станцияның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қаңғыбас иттерге ауыз су мен тамақ беріледі. Болашақта қаңғыбас ит мысықтарды аулау жұмыстары жүргізіледі", - делінген хабарламада. 

Ал желі қолданушылары "Ату керек" , "Құдай сақтасын", "Үй жануарларын қорғаушылар сол жерден өтіп көрсін" деп жазып жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз