Талғарда жаңадан сайланған әкім туралы не белгілі?

15 желтоқсанда Талғар қаласында өткен әкім сайлауында Арыстанбек Әбілқайырұлы 9 071 дауыс жинап, жеңіске жетті. Жаңадан сайланған әкім туралы не белгілі? Толығырақ Massaget.kz материалында.

Арыстанбек Әбілқайырұлы кім? Ол туралы не білеміз?

Арыстанбек Әбілқайырұлы 1983 жылғы 12 наурызда Алматы облысында дүниеге келген. Мамандығы бойынша эколог.

Еңбек жолын 2005 жылы MAG group құрылыс компаниясында бастап, алғашқы тәжірибе жинаған.

Кейін 2006-2009 жылдары Үкіметтік тәжірибелік шаруашылығында директордың көмекшісі болып қызмет етті.

2009 жылдан бастап Талғардағы "Марат" өндірістік кооперативінде жұмыс істеп, даму менеджерлігінен бастап осы мекеменің орынбасары деңгейіне дейін көтерілді.

2023 жылдан бері "Талғар тұрғын үй" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарып келеді.

Сайланған әкім қандай уәде берді?

Арыстанбек Әбілқайырұлы сайлауалды бағдарламасында Талғарды дамытуға бағытталған нақты бастамаларды ұсынды:

  • экономикалық өсім үшін инвесторларды тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуды және шағын бизнесті қолдау, қалада жаңа кәсіпорындар ашу арқылы жергілікті өндірісті дамыту;
  • инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2026 жылға дейін 20 көшеге жөндеу жүргізіп, жаңа көпір салу. Сонымен қатар 2028 жылға дейін тұрғындарды таза ауыз сумен толық қамту; 
  • Әлеуметтік салада тарихи-мәдени мұраны дәріптеу үшін "Талхиз" мұражайын ашу және №2 мектепті күрделі жөндеуден өткізу. Әлеуметтік осал топтарға тұрақты баспана беру мәселесін бақылау;
  • Қоғамдық қауіпсіздік саласында қала көшелеріне бейнебақылау камералары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, жарықтандыру жүйесі жетілдіру. 

Айта кетейік, 2024 жылғы 15 желтоқсанда Талғар ауданы, Талғар қаласы әкімін сайлау өтті.

Үміткерлер арасында Жәнібек Қаденов 1 875 дауыс, ал Әлібек Рамазанов 1 140 дауыс жинаған еді. 182 адам "Барлығына қарсы" таңдауын жасаған.

Сайлауға 42 774 тұрғын тіркеліп, оның 12 875-і қатысқан.

Еске салайық, Талғардың бұрынғы әкімі Бақыт Күрішбеков 15 қазанда қоғамда резонанс тудырған 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін қызметінен босатылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз