Полиция әлеуметтік желіде тараған, Талғар маңында атыс болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желі қолданушылары оқиға Талғар трактінің маңында орналасқан Тұздыбастау ауылында болғанын жазған еді. Дегенмен атыс қалай шыққаны және оқиғаға қатысты адамдар туралы нақты ақпарат айтылмады.
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі мән-жайды түсіндірді.
"Әлеуметтік желілерде тараған, Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы кафелердің бірінің жанында атыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Мекеме қонақтары сөзге келіп қалып, арты жанжалға ұласқаны белгілі болды. Сеніп тапсырылған аймақты патрульдеп жүрген полицейлер оқиғаға жедел араласып, жағдайды реттеді", – деп жазылған полиция жауабында.
Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы барлар полицияға жеткізілді.
"Зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Талғар маңында атыс болғаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!