Талғарда полиция сегіз жастағы қызға қол жүгіртті деген күдікке ілінген ер адамға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті оқиғадан екі күн өткен соң ұсталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Astana TV-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 24 тамызда адам аз жүретін жерде болған. Қыз велосипедпен құрбысының үйінен қайтып келе жатқан.
Жәбірленуші қыздың анасының айтуынша, сол маңда тұрған автобустан бір ер адам шығып, велосипедке көмектесемін деген сылтаумен баланы тоқтатқан.
Алдымен ол велосипедті қарап шыққан, кейін қыздың аяғынан ұстап, оған тиісе бастаған. Бұдан соң баланы аялдамаға қарай алып барған.
"Қызымды алдына отырғызды. Кейін шортыңды шеш, мен қараймын, ұстап көремін деп айтқан", – деді қыздың анасы.
Ер адам өзі шешіне бастаған сәтте қыз оның жанынан сытылып шығып, велосипедімен үйіне қашып кеткен.
Үйіне жеткен соң болған жағдайды ата-анасына айтып берген. Осыдан кейін отбасы бірден полицияға жүгінген.
Кейін күдіктінің бұған дейін адам өлтіру дерегі бойынша сотталғаны белгілі болған. Жәбірленушінің ата-анасы мен көршілері оның қатаң жазадан жалтарып кетуі мүмкін деп алаңдап отыр.
Алматы облысының Полиция департаменті тергеу барысына қатысты түсініктеме берді.
"Дерек бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Қылмыстық іс аясында болған жағдайдың барлық мән-жайын объективті, толық әрі жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Істің тергелу барысы басшылықтың ерекше бақылауында", – деп хабарлады ведомство.
Қылмыстық іс кәмелетке толмаған балаға қол жүгірту дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Қажетті сараптамалар тағайындалған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек