Алматы облысы Еркін ауылында итті жүк көлігіне байлап, көшеде сүйреген жүргізуші полицияда әрекетін түсіндірді. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов Instagram парақшасында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 25 қыркүйекте Талғар ауданында болған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері 42 жастағы жүргізушіні анықтап, аудандық ведомствоға жеткізді.
Жүргізушінің сөзінше, көлігі бұзылып, тоқтаған кезде белгісіз біреулер итті көлігіне байлап кеткен және ол итті жанында кетіп бара жатқан басқа көліктегілер белгі бергенде ғана байқаған екен.
"Бұл дерек бойынша Талғар аудандық полиция басқармасында ҚР ӘҚБтК-нің 407-1-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Айта кетейік, бұл оқиға бойынша полицияға ешкім арыз, шағым берген жоқ", - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Еске салайық, Талғар ауданы Еркін ауылында КамАЗ жүргізушісі итті жүк көлігіне байлап, көшемен сүйреген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!