- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Талғардағы жағдай
Талғар тәлкегі: жұмыссыздық, шіріген құбырлар, ескі ғимараттар, жедел жәрдем жетіспейді
Талғарлықтарға жедел жәрдем керек! Біз сөзге тартқан қала тұрғындары жұмыссыздық, әбден шіріген коммуналдық құбырлар, жөнделмеген аурухана мен мектеп ғимараттарының жағдайы, сонымен қатар жедел жәрдем қызметі екі сағаттап кешігетіні туралы арызданды.
Осы және өзге де мәселелер жайында Шерзат оқиғасынан кейін қалаға жаңа тағайындалған әкім Арыстанбек Әбілқайырұлымен Massaget.kz тілшісі алғаш болып сұхбаттасып, жауабын алды. Арнайы репортаж.
ШЕРЗАТ ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН ТАЛҒАРДА НЕ ӨЗГЕРДІ?
Әзірге өзгерген тек биліктің құрамы. Бір күнде Талғар әкімі Бақыт Күрішбеков, орынбасары Матан Сағындық пен Талғар ауданы әкім аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметтерінен босатылғаны естеріңізде болар. Атышулы қалада жаңа өмір орнату үшін бір топ жаңа басшы келді. Жергілікті халықтың бірі сенеді, бірінің олардан үміті зор.
"Үміт бар. Үмітсіз тек шайтан ғана ғой. Халық бекер сайламаған шығар. Халыққа осының пайдасы тиеді-ау, жаны ашиды-ау, біздің мұң-мұқтажымыз құлағына жететін шығар", - дейді Жансая Шырыншиева.
Құлағына жеткізіп, жауабын да алдық. Қызмет креслосына жайғасқан Талғар қаласының жаңа әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы алғашқы сұхбатқа бірден келісті. Оған қызметпен бірге танымалдылық та "бонус" болып келгені бар. Кабинетіне де, камераға да еті енді үйреніп жатыр. Халық оны сайланған кезде қолына билік, арқасына жүк салып бергенін жақсы түсінеді: "Бұл жерде үлкен жауапкершілік қазір міндеттеліп тұр. Бастысы - халықпен тығыз жұмыс жасау. Айтады ғой, қазақта "баяғы жартас, сол жартас" демей, ерекшелендіріп, осы халықтың көңілінен шығатындай бір үлкен - Талғардың атын жақсы жағынан шығаруға ат салыссам екен".
ЖАППАЙ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ: "БӘРІМІЗ ҚАЛАҒА БАРЫП ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ"
Талғардың жақсы атын шығару жаңа әкімге оңай жолмен келмейін деп тұр. Өйткені біз сөзге тартқанда, жұрт өзегіндегі мәселелерді тізе жөнелді. Қауіпсіздіктен кейінгі елді мекендегі өзекті мәселе - жұмыссыздық.
"Бәріміз қалаға барып жұмыс істейміз, мен тіпті Байсеркеге барып жұмыс істеймін. Талғар, Кеңдалада тұрамын. Кеңдаладан Алматыға жұмысқа барамыз. Бұл жерде жұмыс жоқ. Таңертең ерте автобуста орын жоқ, таксилер бос емес, халық тіпті жолды жауып тұрады. Сағат 05:00-де қалаға ағылады, ал кешке Талғарға қарай. Күнделікті солай. Мен қазір жұмыстан келе жатырмын. Енді 8-9 сағат жұмыс істейміз. Кептеліспен үйге жарым түнде барамыз", - дейді Гүлмира есімді тұрғын.
Мұны Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков те мойындап отыр: "Иә! Дұрыс енді, қала жақын орналасқандықтан, шынымен 50 пайызға жуығы қалаға қатынап жұмыс істейді. Ол - шын".
Бұл мәселенің қалай шешілетіні туралы Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлынан да сұрадық.
"Иә, енді миграция дейді ғой, Талғар мен Алматының ортасы ертеңгісін таңғы бестен Алматыға қарай ағылады, жұмыс жасауға. Кешкісін бері ағылады. Болашақта мынау Талғарда өзімізге сырттан инвестор тартып, жұмыс орнын осы Талғардан ашып, халқымыз осы жерден күн көрсе деген ойым бар", - дейді ол.
КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНІҢ ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН, ШҮБЕРЕК ІСТЕТТЕС – ӘКІМ
Талғарда күнкөріс әзірге жергілікті тұрғындарға жеңіл болмай тұр. Олар қарапайым тұрмыстық қажеттіліктерге зәру. Мәселен, жергілікті коммуналдық құбырлардың әбден тозығы жеткен. Салдарынан қыста жарық күніне бірнеше рет сөндіріледі. Мұны Талғар халқы айтып, билігі мойындап отыр.
"Талғар қаласында кейбір жерлерде жол мәселесі, кейбір жерлерде жылу мәселесіне қатысты жиі шағым түседі. Мен 5-ші саяжайда тұрамын, ал бізде жарық күніне 3-4 рет өшеді. Ал жылу пештері аяқ асты қосылғанда жоғары кернейге шыдамай пештер күйіп қалса, оған кім жауапты? Негізі айта берсең, қазбалай берсең, мәселелер көп", - дейді талғарлық Жансая Шынаршиева.
Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков: "Біздегі қазіргі тозығы жеткен коммуникациялар да үлкен проблема. Бәрін жасауға көп жылдар керек, көп қаражат керек, мынау Талғар қаласының өзінде ғана кәріз жүйесі тозығы жетіп, шүберекке айналған трубалар бар. 530-ға жуық көше бар Талғар қаласында, біз бүгінгі күні 90 пайызын бітірдік".
1934 ЖЫЛЫ САЛЫНҒАН МЕКТЕП ЖӨНДЕУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ
Бітіретін шаруа шаш етектен. Білім ошақтары да жетіспейді. Тар мектепте қысылып оқып жатқан балалар камерадан қысылмады. Талғардың өзгергенін қалайтынын олар да айтты.
Журналист: "Талғарда не өзгертуге болады айтшы? Мысалы, сен Талғардың әкімі болсаң?
Оқушы: Көп нәрсе өзгертер ем, мысалы, №2 мектептің спорт залын өзгертер ем. Мектебін ауыстырар ем, өйткені тар, қыста балалар әрең сияды және күрделі жөндеуді қажет етеді".
С.Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің суреті. 1934 жылы салынған білім ошағы күрделі жөндеуден өтпегеніне біраз болған. Директоры Зәмзәгүл Мүшірәлипова тоқсан жылдық тарихы бар мектепте екі мың оқушы оқитынын және күрделі жөндеуді талап ететінін айтады:
"Биылғы жылы бұл мектеп жобалық-сметалық құжаты жасалып бітті, экспертизасы бітті. Енді 25 жылы көктемде құдай қаласа күрделі жөндеуге кіреді".
Есесіне, таршылық көріп жатқан бала мен мұғалімдерде де құлшыныс бар. Комфортсыз жерде білім сапасы қандай болады деген біздің күмәнімізді сейілтті. Зәмзәгүл Мүшірәлипованың айтуынша, биылғы жылы 20 оқушы "Алтын белгіге" үміткер. Айта кетейік, Талғарда 5 колледж, 42 орта мектеп бар, оның 14-і Талғар қаласында. Мемлекеттік екі балабақша, жекеменшігі 300-ден асады. Оқушылардың саны 52 мыңнан асады, оның 12 мыңы Талғар қаласында.
ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІКТЕРІ ЖЕТІСПЕЙДІ
Бақылауды талап ететін тек тәртіп емес. Денсаулық сақтау басқармасының да жұмысы жүйелеуді қажет етеді. Жергілікті жедел жәрдем қызметіне де жедел жәрдем керек.
"Айтарымыз бар. Талғар ауданында жедел жәрдем екі сағатта келеді. Анализдеріміз екі сағатта бітеді. Міне, біз 11-де келдік, енді шықтық, баламның жүрегі ауырып", - дейді ауылдың қарт тұрғыны.
Мына суреттегі жедел жәрдем қызметінің гаражы - құдды бір темір қабылдайтын орын ба деп қалдық.
"Жедел жәрдем жетіспейді. Негізінен сол жетіспеушілік. Халық көп, сол үшін іркіліс көп, 1-2 сағат Талғарда ЦРБ-ның үш машинасы бар, қалған үш көлік дислокацияда. Көлік көп болса, әрине, жақсы. Кешікпейміз. Елдердің алдында абыройымыз болар еді. Қазір бізде авторитет жоқ қой...", - дейді жедел жәрдем қызметкері Елмұрат Низамиддинов.
ТЫШҚАН, ЕГЕУҚҰЙРЫҚ, ҚОҢЫЗДАР: ТҰРҒЫНДАР ОРТАЛЫҚ АУРУХАНА ЖАЙЫНДА
Ал мынау Талғардың орталық ауруханасы. Мұндағы пациенттермен бірге ғимарат та "реанимацияны" талап етеді.
САУАЛНАМА:
Ләззат Әбдікерімова: "Сәуір айында босандым, бірақ ішінде ремонт жағы дұрыс емес. Анау бір қараусыз қалған ғимараттар болады ғой, сондай сияқты".
Келіншек: "Онша емес, тышқан, таракан бар. Жылы су жоқ, душ істемейді".
Тілші: Сонда жаңа босанған әйелдерге еш жағдай жасамай ма?
Келіншек: "Ақылы бөлім болса жасалады, ал егер ақша төлемей, өзің жататын болсаң, ешкім саған қарамайды да, келмейді де".
Науқас: "Ой білмеймін, қалай қарағанын! Бір-екі сағат жүріп-жүріп, қайтып бара жатырмыз ғой".
АУДАН БЮДЖЕТІ 100 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСАДЫ
Ем іздеген халық көп, емдейтін мамандар тапшы. Аурухананың қауқары жетпейтіні анық, басшылығы шарасыз. Мәселені аудан әкімі ғана жақсы білуі тиіс. Елді мекеннің мәселелерінен біздің репортажды көргеннен кейін аудан бюджетін тиісті бағытта үйлестіретініне сенеміз. Өйткені Таңат Айдарбеков мырзаның сөзіне сенсек, қазынадан да, сырттан да қаржы тартылып жатыр.
"Талғарда 250 мыңнан асып отыр статистика бойынша. Тағы осы жылы өте қарқынды дамып жатыр, біріншіден, бізде осы жылы инвестиция көп келіп жатыр. Дәлірек айтсақ, өндіріс жағы. Енді біздегі жергілікті бюджет дейміз ғой, ол бізде 16-17 миллиардтың ар жақ, бер жағы. Қазірдің өзінде 350 орындар ашылды. Болашақта ол жерде 2000 аса орын ашылады. Инвестицияның көлемі барлығын қосқанда бізде 96 миллиардқа барады. Қазір кәсіпкерлердің өздері туризмге бейімделіп кеткен. Өздеріңіз білесіздер, бізде мына Шаңғы комплексіміз бар, Ақ-бұлақ, қазіргі "Балқарағай" дейміз, "Лесная сказкамыз" бар, қатты дамып кетті. Жылдан-жылға 10-15 пайызға өсіп жатыр туризм. Осы жолы бізге туризм саласына келген адам саны 115 мыңға дейін барды. Мына Талғардың өзін алып қарасақ, 10-нан астам үлкен өндіріс кәсіпорындары бар", - дейді Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков.
Талғар ауданы әкімінің сөзіне сенсек, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ қарқынды қаражат тартылып жатқан елді мекенде өзгерістің нышаны мұндай болмайтыны анық. Ендеше, көкейімізге келген заңды сауал: қаражат қалай, қайда ағылып кетіп жатыр? Инвесторлардың қызығушылығы жоғары аумақта халықтың халы неге мүшкіл? Демек, құйылып жатқан қаржының бағыты мен тиімділігін тексеру қажет. Біз ашық сауалды қойдық. Жауабын елдегі қаржының тиімді жұмсалуын қадағалап отырған бірнеше құрылымдар іздеуі тиіс деп санаймыз.
"Мәселе" арнайы жобасының Талғар тәлкегі туралы репортажының толық нұсқасын Massaget.kz Youtube арнасынан көре аласыздар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz